00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Сапар Ахметов: Әрбір адам жұмысшы мамандығы иесі болуы керек

Сапар Ахметов: Әрбір адам жұмысшы мамандығы иесі болуы керек
фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Соған орай елімізде  техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау басталды. Астана қаласы Қоғамдық кеңес мүшесі Сапар Ахметов бұл бастама қоғамда еңбекқор адам идеясын насихаттап, жұмысшы мамандықтарды дәріптуге мүмкіндік беретінін айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қоғамдық кеңес мүшесі Сапар Ахметовтің сөзінше,  қазір қоғамда жұмысшы мамандықтарына деген көзқарасты өзгертіп, бұл маман иелерінің еңбегін насихаттау қажет.

«Мемлекет басшысының биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп атауы керемет бастама деп ойлаймын. Біздің қоғамда  жұмысшы мамандығына деген көзқарас ескірді, халықтың түсінігі сонау Кеңес Одағы кезінде қалыптасқан. Қазір біз сол көзқарастан арылып, өскелең ұрпаққа жұмысшы мамандығының маңыздылығын түсіндіруіміз қажет. Еліміз қазір жан-жақты дамып жатыр. Еңбек нарығына жаңа технологиялар енгізіліп, техниканың түр-түрі  пайдаланылып жатыр. Сәйкесінше  жаңа технологияны басқару үшін сол саланың білікті де білімді маманына сұраныс артты. Мысалы, құрылыс саласын қарастырсақ, бұл салада керемет техника түрлері пайда болды. Кезінде құрылысшылар қоспаларды өздері жасап, оны құйып әуре болатын. Қазір бұл шаруаларды техника атқарып жатыр.  Осылайша жұмыс жеңілдеді, бірақ оның  жауапкершілігі артты.  Қазір заманауи білім игерген, жаңа технологияны білетін мамандарға сұраныс жоғары», - дейді ол.

Сапар Ахметов әрбір адам жұмысшы мамандығының иесі бола білуі керек деп есептейді.

«Осы орайда жұмысшы мамандығына оқуға ниетті  жастарға тиісті білім беру өте маңызды. Әр балада болашақ мамандығы туралы көзқарас мектеп қабырғасында қалыптасып бастайды. Сондықтан да сол кезден бастап бейінді пәндерге назар аударып, мамандықтар туралы білгені жөн. Қазір мектептерде бұрынғыдай емес, мамандықтар туралы жиі айтылып жүр. Алдағы уақытта  еліміздің мектептерінде жұмыс берушілермен және университеттермен бірлесіп бейінді сыныптар ашылады деп естідік. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жастар арасында жұмысшы мамандықтарының маңыздылығы туралы дұрыс ой қалыптаспақ. Биыл жұмысшы мамандықтарға назар аудару арқылы нағыз еңбекқор азаматтар даярланады деп үміттенеміз.

Менің ойымша, әрбір адам жұмысшы мамандығы иесі болу керек. Өмірде ол қабілет барлығына керек деп есептеймін. Әр ер азамат өзінің үйінде шеге қағып, жиһаз құруды білсе, аулада қар тазалап, мүмкіндік болса бау-бақшамен айналысса, оның өмірге деген көзқарасы да ерекше болады. Сондықтан да жұмысшы мамандықтары туралы насихатты әрі қарай дамыту қашан да маңызды», - деді елорда Қоғамдық кеңесінің мүшесі.