Сәбилерге арнап ағаш отырғызу: Астанада Жаңару күні қалай өтеді
19 наурыз – Жаңару күні. Бұл күні Астанада экологиялық акциялар, ағаш отырғызу және жаңару идеясын насихаттайтын түрлі іс-шаралар өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Елордадағы №2 көпсалалы ауруханада жаңа туған сәбилердің құрметіне ерекше бастама ұйымдастырылады: ата-аналарға ағаш отырғызылатын орынды көрсететін QR-коды бар сертификаттар табысталып, нәрестелерге цифрлық бесіктер беріледі. Бұл жоба отбасылық құндылықтарды нығайтып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.
Сонымен қатар «Таза Қазақстан» акциясы аясында тұрғын үй аулалары қардан тазартылып, қала аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.
«Есіл» ауданында оқушыларға арналған VR-технологиялар арқылы кәсіби бағдар беру іс-шарасы өтеді. Қатысушылар виртуалды ортада түрлі мамандықты байқап көре алады.
Ал қалалық Қуыршақтар театры балаларға арналған «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» ертегісі бойынша жаңа қойылымның премьерасын ұсынады. Қоюшы режиссер – Айжан Салаева. Қойылымда батылдық пен мейірімділік құндылықтары дәріптеледі.
Жалпы, Наурыз мейрамы аясында елордада 200-ден астам іс-шара жоспарланған. Олардың қатарында концерттер, ұлттық спорт ойындары, жәрмеңкелер мен мәдени бағдарламалар бар.
Бұған дейін «Ұлттық киім» күнінің маңыздылығы туралы жазған болатынбыз.