STAT.DATATHON-2026: байқауға жеті елден 108 команда қатысады

21 қыркүйек, 2026
Дәукен Тұрдашев Дәукен Тұрдашев
STAT.DATATHON-2026: байқауға жеті елден 108 команда қатысады
Фото: Ұлттық статистика бюросы

Қазақстанда бесінші, мерейтойлық STAT.DATATHON-2026 байқауы басталды. Биыл байқау алғаш рет халықаралық деңгейде өтіп, жеті елден 108 команданың басын біріктіріп отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

Байқауға Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Армениядан командалар қатысуда. Бұл – STAT.DATATHON тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.

Қатысушылар деректерді талдау, жасанды интеллект және заманауи технологияларды пайдалана отырып, практикалық жобалар әзірлейді.

Биыл байқауда екі бағыт ұсынылған:

– Data to Policy – шешім қабылдауды қолдау және әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешу үшін деректер негізінде шешімдер әзірлеу;

– AI for Official Statistics – ресми статистиканы дамытуда жасанды интеллект пен заманауи технологияларды қолдану.

Қатысушылар статистикалық ақпарат негізінде қалыптастырылған синтетикалық деректермен жұмыс істеп, бағдарламалау, деректерді талдау және визуализация құралдарын, сондай-ақ ЖИ технологияларын қолданады.

Конкурстық жобаларды 12 қазанға дейін тапсыру қажет. Байқаудың ақтық кезеңі 20 қазанда өтеді.

STAT.DATATHON-2026-ны Ұлттық статистика бюросы ТМД Статистика комитетінің қолдауымен ұйымдастырып отыр. Байқаудың мақсаты – деректерді талдаудың жаңа тәсілдерін ұсынып, әлеуметтік-экономикалық және әдіснамалық міндеттерді шешуге бағытталған практикалық жобалар әзірлеу.

Бұған дейін Астанада халықаралық AI-кино фестивалі өтетінін жаздық.