Астана мұғалімдеріне балаларды құқықбұзушылықтан қорғау жолдары түсіндірілді

21 қыркүйек, 2026
Дәукен Тұрдашев Дәукен Тұрдашев
Астана мұғалімдеріне балаларды құқықбұзушылықтан қорғау жолдары түсіндірілді
Фото: Астана әкімдігі

Астана қаласындағы №95 мектеп-лицей педагогтеріне балалар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру бойынша дәріс өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында өткен кездесуді қалалық прокуратура ұйымдастырды.

«Мектептегі қауіпсіздік: кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алудағы педагогтің рөлі» тақырыбындағы дәріс барысында буллинг пен кибербуллингтің, бопсалаудың, балаларды есірткі заттарын таратуға және дропперлік схемаларға тартудың, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері талқыланды.

Педагогтерге баланың мінез-құлқында алаңдатарлық өзгерістер байқалған жағдайда әрекет ету алгоритмі түсіндірілді. Атап айтқанда, баламен қауіпсіз байланыс орнату, жағдайдың мән-жайын тіркеу және ақпаратты жауапты тұлғаларға немесе тиісті уәкілетті органдарға уақтылы жеткізу қажеттігі айтылды.

Сонымен қатар мұғалімнің міндеті жағдайды өз бетінше тергеп-тексеру емес, қауіп белгілерін дер кезінде байқап, баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тиісті шаралардың қабылдануына ықпал ету екені аталып өтті.

Кездесудің негізгі мақсаты – педагогтердің құқықтық сауаттылығын арттыру, білім беру ұйымдарында қауіпсіз орта қалыптастыру және құқықбұзушылықтарға нөлдік төзімділік қағидатын нығайту.

Бұдан бұрын елордалық полиция ата-аналарға балаларына жол ережесін үйретуге шақырған болатын.