Серік Сейітман: Астана бес жылда жасыл қалаға айналады
Президент өткен сенбіде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына қатысып, оның экологиялық және идеологиялық мәнін ашып көрсетті. Бұл туралы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ аға оқытушысы, «ALQA» зияткерлік меншігінің иесі Серік Сейітман Elordainfo.kz-ке берген пікірінде айтты.
Оның пікірінше, Мемлекет басшысы бастаманың экологиялық және идеологиялық мәніне Конституциядағы қағидаттар арқылы назар аударды:
«Президентіміз жаңа Ата заңымыздан мысал келтірді. Мен Ата Заңның преамбуласына, алғысөзіне тоқталғым келеді: «Біз біртұтас Қазақстан халқы...» деп басталатын Конституциямызда «табиғатты аялау қажеттігін мойындап...» деген де мәтін бар», – дейді Серік Сейітман.
Қаламгердің айтуынша, Президент осы арқылы «Таза Қазақстан» бастамасының экологиялық мәнімен қатар, оның идеологиялық мазмұнын да түсіндіріп берді:
«Мемлекет басшысы еліміздің тазалығы өркениетті болашаққа апаратын даңғыл жол екенін атап өтті. Өркениеттілік, жасампаздық және ілгерілеу ұғымдарының ластық пен селқостыққа ешқандай қатысы жоқ екенін айтты. Шын мәнінде, бұл – «Таза Қазақстан» акциясының экологиялық және идеологиялық мәнін қатар түсіндірген сөз болды деп ойлаймын», – дейді ол.
Серік Сейітман Президент сөзіндегі негізгі идеологиялық ойға да тоқталды. Оның пайымынша, «Таза Қазақстан» бастамасы тек қоршаған ортаны тазартуға емес, азаматтарды ортақ іске жұмылдыруға бағытталған:
«Ең бастысы, Президент сөзінің негізгі идеологиялық мәні мына жерден көрініс тапты: «Таза Қазақстан» жобасының мақсаты – елімізді көркейту, жұртымызды ортақ іске жұмылдыру арқылы ынтымақ-бірлігімізді күшейту», – деп атап көрсетті.
Қаламгер елдің тұрақты дамуы мен қоғамдық бірліктің өзара байланысына да тоқталды:
«Меніңше, біз ел болғаннан кейін елдің тұрақты дамуы маңызды фактор. Конституциямызда да тұрақты дамуымыз береке-бірлігімізге, ынтымағымызға тікелей байланысты деген баптар бар. Сондықтан қандай мемлекеттік жобалар немесе акциялар болсын, елдің тұрақты дамуы мен оған негіз болатын ел бірлігі деген ұғымдарды әрдайым алға тартып, сол төңірекке топтасып отырсақ, біз шын мәнінде берекелі ел боламыз деп ойлаймын», – дейді Серік Сейітман.
Ол «Таза Қазақстан» ұғымын отбасы тәрбиесімен де байланыстырады:
«Жалпы, осы идеологияны өзімнің жеке отбасыммен де байланыстыра аламын. Өйткені отбасымда үнемі: «Біздің үйімізде тыныштық, тазалық және тоқтық болуы керек», – деп айтып отырамын. Үлкен отбасымыз – Отанымыз, кіші Отанымыз – отбасымыз. Еліміздің тұрақты дамуымен бірге, отбасымызбен де болашаққа қадам басып келе жатырмыз», – дейді зияткер азамат.
Серік Сейітман өз пікірінде Астананың «Таза Қазақстан» бастамасына қосып отырған үлесіне де тоқталды. Оның айтуынша, елорда әкімі Жеңіс Қасымбек қалада атқарылып жатқан жұмыстар туралы толымды мәлімет берді:
«Жалпы, Жеңіс Махмұдұлының сөз түйіні былай болды деп ойлаймын. Ол кісі: «Астана алдағы бес жылдың ішінде саябақ қалаға айналады», – деді. Қазірдің өзінде Астанада осы бағытта жасалып жатқан жұмыстар аз емес. Ал алдағы бес жылда, бұйырса, Астанамыз мүлде жаңарған, жасарған, жасыл қалаға айналады деген сөз. Бұл күндерді асыға күтеміз», – деді Серік Сейітман.