Қазақстанда АҚШ-пен тікелей әуе қатынасына аудит басталады
Қазақстанда 21-25 қыркүйек аралығында АҚШ Федералдық авиация әкімшілігінің (FAA) Халықаралық авиациялық қауіпсіздікті бағалау (IASA) жұмысы өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстанның Көлік министрлігі, Қазақстанның авиациялық әкімшілігі (ҚАӘ) және Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігі соңғы екі жылда Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашуға қажетті жағдайларды қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізіп келеді.
IASA бағалауының басталуына орай Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Қазақстанға келген FAA сарапшыларымен кездесті. Тараптар алдағы бағалау барысын және екі ел арасындағы әуе қатынасын дамыту бағытындағы одан әрі ынтымақтастықты талқылады.

Бағалау Қазақстанның азаматтық авиация саласындағы мемлекеттік қадағалау жүйесінің халықаралық талаптарға сәйкестігін анықтауға бағытталған. FAA сарапшылары авиациялық заңнама мен нормативтік базаны, сондай-ақ Қазақстанның ұшу қауіпсіздігін мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру мүмкіндігін бағалайды.
Сарапшылар тобының құрамында халықаралық авиациялық құқық, авиация персоналын лицензиялау, әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығы және ұшу операциялары салалары бойынша мамандар бар.

Айта кетейік, 2024 жылғы 26-30 тамыз аралығында Қазақстанда IASA бойынша алдын ала техникалық шолу жүргізілген. Содан бері Қазақстан тарапы бағалауға дайындық жұмыстарын жалғастырды.
24 қыркүйекте FAA сарапшылары АҚШ Көлік министрлігінен коммерциялық қызметті жүзеге асыруға рұқсат алуға өтінім берген «Air Astana» әуе компаниясына техникалық сапар жасайды. Оның мақсаты – Қазақстанның авиациялық әкімшілігінен алынған ақпаратты растау. Бұл сапар әуе тасымалдаушыны инспекциялық тексеру болып саналмайды.
Бағалау аяқталғаннан кейін FAA ҚАӘ-мен қорытынды брифинг өткізіп, қаралған бағыттар бойынша жазбаша есеп ұсынады.
IASA нәтижесі Қазақстанның ұшу қауіпсіздігін мемлекеттік қадағалау жүйесін одан әрі жетілдірумен қатар, Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашу жұмыстары үшін маңызды кезең болмақ.
Айта кетейік, FAA-ның IASA бағдарламасы шетел мемлекеттерінің авиациялық билігі азаматтық авиация қауіпсіздігін мемлекеттік қадағалауды Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына сәйкес қамтамасыз ете ала ма, соны бағалайды.
Бағалау нәтижесінде мемлекетке Category 1 (CAT 1) немесе Category 2 санаты беріледі. CAT 1 мәртебесі мемлекеттің азаматтық авиация қауіпсіздігін мемлекеттік қадағалау жүйесінің ИКАО стандарттарына сәйкестігін білдіреді және оның әуе компанияларына АҚШ нарығына шығу үшін қажетті рәсімдерден өтуге мүмкіндік береді.
Бұл ретте CAT 1 мәртебесі әуе компаниясына АҚШ-қа автоматты түрде рейс орындауға рұқсат бермейді. Тасымалдаушы АҚШ заңнамасында көзделген өзге де талаптарды орындауы тиіс.
Бұған дейін Қазақстан мен Бавария Орта дәлізді дамыту мәселесін талқылағанын жаздық.