Ғабит Тәжімұратов: «Таза Қазақстан» – күнделікті жауапкершілік
Астана қаласы мәслихатының депутаты Ғабит Тәжімұратов «Таза Қазақстан» бастамасы тазалықпен қатар, қоғамдық ортаға деген жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруы тиіс деп есептейтінін айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, тазалықты тек қоқыстың жоқтығымен өлшеуге болмайды. Бұл адамның өзі өмір сүріп жатқан ортаға деген көзқарасы мен қоғамдық кеңістікке деген құрметінен көрінеді.
«Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» туралы сөзінен кейін тазалықтың тек қоқыстың жоқтығымен өлшенбейтіні туралы тағы бір ой келді. Бұл – ең алдымен, өзіміз өмір сүріп жатқан ортаға деген көзқарас. Өз ауламызға, подъезімізге, көшеге, саябаққа, жанымыздағы ағаштарға, баршаға ортақ қоғамдық кеңістіктерге деген құрмет.
Қаланы қанша абаттандырып, жаңа қоқыс жәшіктерін орнатып, көшелерді ретке келтірсек те, адамдардың оған деген көзқарасы өзгермесе, жасалған жұмыстың нәтижесін ұзақ сақтап қалу қиын», – деді Ғабит Тәжімұратов.
Депутаттың пікірінше, бастаманың мәні бір реттік науқанмен шектелмей, күнделікті әдет пен жауапкершілікті қалыптастыруында.
«Сондықтан мен үшін «Таза Қазақстан» – ең алдымен, күнделікті әдет пен жауапкершілік. Яғни қоқыс көрсең өтіп кетпеу, ағаш отырғызылса, оған зиян келтірмеу, аула абаттандырылса, тазалығын сақтау. Мұнда бір реттік науқаннан гөрі күнделікті мәдениетті қалыптастыру маңызды. Осындай қарапайым әрекеттерден қаламыздың, еліміздің келбеті қалыптасады», – деді ол.
Бұған дейін Астана қаласы мәслихатының депутаты Мәдина Әжікенова қала тазалығы тек ауқымды жобалармен емес, тұрғындардың күнделікті мәдениеті мен жауапкершілігінен басталатынын айтқан еді.