«Таза Қазақстан» жобасы – өркениетті ел болудың нақты жолы» - Бахаргүл Төлеген

21 қыркүйек, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
«Таза Қазақстан» жобасы – өркениетті ел болудың нақты жолы» - Бахаргүл Төлеген
Фото: Бахаргүл Төлегеннің жеке архивінен

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы бастамаларына Астана қаласы мәслихатының депутаты Бахаргүл Төлегеннің пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Депутаттың сөзінше, Президенттің «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында айтқан маңызды сөзі мен қойған стратегиялық міндеттері еліміздің әрбір саналы азаматының, оның ішінде халық қалаулыларының жүрегінен терең орын табатыны сөзсіз.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, табиғатты аялау, қоршаған ортаға қамқорлық жасау – бабалардан қалған асыл аманат қана емес, жаңа Конституциямыз бойынша әрбір азаматтың қасиетті борышы. Астана қаласы мәслихатының депутаты ретінде Президентіміздің бұл бастамасын толық қолдап, оны тек науқандық шара емес, ұлттық сана мен мәдениетті түбегейлі өзгертетін терең мазмұнды идеологиялық үдеріс ретінде қабылдаймыз. Елордамыз – барша қазақстандықтар үшін ғана емес, шетелдік қонақтар үшін де мемлекетіміздің айнасы, бетке ұстар басты қаласы. Сондықтан Астананың тазалығы мен абаттандырылуы, экологиялық мәдениеттің жоғары стандарты – біздің басты басымдығымыз болуға тиіс», - деді мәслихат депутаты.

Ол Президенттің «Тазалық ластықтың алдында ешқашан ұтылмайды, тазалық бәрін жеңеді» деген қағидасы – біздің қоғамдағы жасампаздық пен өркениеттің басты темірқазығы екенін атап өтті.

«Бүгінгі таңда еліміз бойынша миллиондаған азаматтар мен еріктілердің қатысуымен жүзеге асып жатқан ауқымды жұмыстар халықтың бірлігі мен отаншылдық рухын айқын көрсетіп отыр. Астана қаласында да қала әкімдігі мен Урбанистика орталығының үйлесімді жұмысының арқасында тұрғындарға қолайлы, жайлы орта қалыптастыру бағытында игі қадамдар жасалуда. Мемлекет басшысының бұл тәжірибені басқа өңірлерге де тарату туралы тапсырмасы жергілікті атқарушы органдар мен мәслихаттардың алдына үлкен жауапкершілік жүктейді. Депутаттық корпус ретінде біз елордамызда экологиялық мәдениетті арттыру, тұрғындардың пікірлерін ескеріп, жайлы орта құру жобаларын жүйелі түрде бақылауда ұстаймыз. Сонымен қатар, Президент көтерген тазалықтың ұлттық стандарттарын енгізу және жүзеге асыру ісіне белсенді атсалысуға дайынбыз. Түптеп келгенде, «Таза Қазақстан» жобасы – бұл тек табиғатты қорғау ғана емес, бұл – өркениетті, қуатты және жасампаз ел болудың нақты жолы. Ел Президентінің бұл бастамасын біз біртұтас ел болып қолдап, өскелең ұрпаққа таза, көркейген Қазақстанды мұра етіп қалдыру жолында бар күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз», - деді Бахаргүл Төлеген.