Ұлттық киім күні – мәдени мұраны жаңғырту бастамасы
Бүгін Наурызнама онкүндігі аясында «Ұлттық киім» күнін атап өтеміз. Бұл күн – халқымыздың мәдени құндылықтарын жаңғыртып, ұлттық киімді күнделікті өмірге енгізуді насихаттауға бағытталған маңызды мереке, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Осыған орай түрлі сала өкілдерінен ұлттық киімнің маңызы жайында пікірін білген едік.
Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Парламентте депуатттық сауал жолдап, арнайы «Ұлттық киім» күнін бекіту туралы ұсыныс жасаған болатын.

«Нәтижесінде 18 наурыз «Ұлттық киім» күні болып бекітілді. Әрі Парламентте ант қабылдағанда тақия киген ең бірінші депутатпын деп те айта аламын. Себебі, қазақтың ұлттық киімі жай ғана киім емес. Оның артында тұтас тарих жатыр. Бұрын ата-бабаларымыз киім арқылы адамның жасын да, мәртебесін де, қай өңірден екенін де көрсеткен. Әр оюдың, әр бөлшектің өз мәні бар. Сол үшін оны біздің мәдени кодымыз деп айтамыз.
Ал «Ұлттық киім» күні - жай мереке емес. Негізгі мақсат ұлттық құндылықты күнделікті өмірге қайтару. Яғни ұлттық киім тек сахнада немесе тойда ғана емес, қарапайым өмірде де киілетін нәрсе болуы керек. Егер әрқайсымыз осындай дүниеге мән берсек, бұл біздің мәдениетіміздің өміршең екенін көрсетеді», - деді ол.
Астана қаласы мәслихатының депутаты Бахаргүл Төлегеннің айтуынша, жеке гардеробының шамамен 70%-ы ұлттық киімдер.

«Олардың ішінде жилеткалар, шапандар, көйлектер, жейделер тұр. Оларды үлкен мақтанышпен киемін. Жалпы, мәслихатта біз жұма сайын ұлттық киім киеміз. Барлық депутатта дерлік ұлттық киім бар. Тек жұма ғана емес, күнде киетін әріптестер де бар. Төрағамыз да ұлттық киім киеді. Сондықтан бізде қазақтың ұлттық киімін жақсы көрмейтін адам жоқ, барлығы жақсы көреді деп айта аламын», - деді Бахаргүл Төлеген.
Ұлттық ұланда аға маман (қойма бастығы) қызметін атқарушы сержант Лаура Чучекованың айтуынша, әскери салада жүргенімен, «Наурызнама» кезінде ұжымы міндетті түрде ұлттық киім киеді.

«Оған біздің басшылық тарапынан да қолдау бар. Жалпы, қазіргі уақытта ұлттық киімдерді киетін жастар көп. Тіпті, күнделікті киетіндер де бар. Бұл үрдісті қолдаймын. Себебі, ұлттық киім ата - бабамыздың сан ғасырлық тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрінен сыр шертетін құнды қазына. Біз оны құрметтеп, дәріптеуіміз керек», - деді ол.
Астана қаласы №104 орта мектептің директоры Нұртас Жағабаевтың пікірінше, ұстаздар қауымы оқушыларға ұлттық киім, ұлттық құндылықтарды түсіндіріп, олардың адал әрі патриот азамат болып өсуіне ықпал ете алады.

«Сол арқылы оқушылардың бойында ұлттық киім мен ұлттық құндылыққа деген құрметті арттыруға сүбелі үлес қосамыз деген ойдамын. Биыл біздің мектеп ұжымы «Ұлттық киім – ұлттың айнасы» ұранымен ұлттық нақыштағы киімдерді киіп, дәріптеуді бастадық. Қазіргі таңда ұлттық киімді мектепішілік шараларда күнделікті киеміз», - деді Нұртас Жағабаев.
Жалпы, «Ұлттық киім» күнінің басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды тек мереке кезінде ғана емес, күнделікті өмірге енгізу. Себебі ұлттық киім – халықтың тарихы мен мәдениетінің айнасы. Оны дәріптеу – ұлттың рухани жаңғыруының бір көрінісі.