Қазақстандық дәрігерлер Қырғызстанда екі күрделі жатырішілік емшара жүргізді
Қазақстандық мамандар Қазақстан медицинасы күндері аясында Бішкек қаласында әлі дүниеге келмеген екі балаға жатырішілік қан құю емшарасын жүргізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Емшаралар Бішкектегі Ана мен бала денсаулығын сақтау ұлттық орталығының базасында өтті. Оларды Астанадағы UMC Ана мен бала орталығының «Ұрық медицинасы» бағдарламасының жетекшісі, акушер-гинеколог Гүлмира Мағзұмованың жетекшілігімен қазақстандық мамандар жүргізді.

Жатырішілік қан құю – ұрықтың ауыр анемиясы кезінде қолданылатын жоғары технологиялық медициналық емшара. Мұндай жағдай ана мен ұрық арасындағы резус-қайшылық салдарынан туындауы мүмкін. Бұл кезде ана ағзасында түзілген антиденелер ұрықтың эритроциттеріне әсер етеді.
Заманауи медициналық технологиялар жүктілік кезеңінде-ақ ұрыққа қажетті көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Қазақстандық мамандар емшараларды жүргізумен қатар, қырғызстандық акушер-гинекологтармен практикалық тәжірибесін бөлісті.

«Біз үшін Қазақстанда заманауи технологияларды қолдану ғана емес, жинақталған клиникалық тәжірибемізбен әріптестерімізбен бөлісу де маңызды. Мұндай бірлескен шеберлік сабақтары елдеріміз арасындағы кәсіби байланысты нығайтып, ана мен баланың денсаулығы үшін мамандардың практикалық білім алмасуына мүмкіндік береді», – деді Гүлмира Мағзұмова.
Қазақстан медицинасы күндері аясында қазақстандық дәрігерлер Қырғызстанда консультациялар өткізіп, пациенттерді қабылдауда. Сондай-ақ мамандар қырғызстандық әріптестерімен тәжірибе алмасып, отандық медицинаның заманауи тәсілдерін таныстырып жатыр.

Бұдан бұрын қазақстандық дәрігерлердің Тәжікстанда заманауи емдеу әдістерін таныстырғанын жазған едік.