Екі облысты су тасқынынан қорғайтын Есіл контрреттегішінің құрылысы келесі жылы басталады
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановпен бірге Есіл контрреттегішін салу жобасын іске асыруға арналған көшпелі кеңес өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Былтыр қазан айында Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарындағы елді мекендерді су тасқынынан қорғауға бағытталған жоба мемлекеттік сараптамадан өтті. Контрреттегіштің жалпы сыйымдылығы - 873,41 млн текше метр. Бөгеттің ұзындығы – 3 443 метр. Құрылыс-монтаж жұмысы келесі жылы басталады деп жоспарланған.

Контрреттегіш тасқын суды жинақтап, реттеуге мүмкіндік береді. Бұл Есіл өзенінің төменгі ағысында судың қауіпсіз өтуін қамтамасыз етіп, Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев және Петропавл су қоймаларының тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасайды. Сонымен қатар өзен жайылмасындағы экологиялық ахуалды жақсартады. Бұдан бөлек, нысан Ақмола облысындағы 25 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Нұржан Нұржігітов Есіл контрреттегішін салу жоспарланған аумаққа барып, дайындық жұмысымен танысты.
«Бұл – Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатқан стратегиялық маңызы зор жоба. Оның ауқымы мен Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызын ескере отырып, барлық жоспарланған жұмыстың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету қажет. Есіл контрреттегіші Мемлекет басшысының тасқын суды жинақтау және тиімді пайдалану жөніндегі тапсырмасын іске асырудағы маңызды қадам болмақ»,- деді Су ресурстары және ирригация министрі.
Ақмола облысына жұмыс сапары кезінде Нұржан Нұржігітов Целиноград ауданындағы Покровка жерасты су кен орнынан Талапкер және Қажымұқан ауылдарына дейін тартылып жатқан су құбырының құрылысымен де танысты. Қазіргі уақытта мердігер ұйым жоба бойынша қарастырылған 19 ұңғыманы бұрғылау аяқталды. Жоспарланған 86,5 шақырымның 83,5 шақырымына құбыр төселіп, электрмен жабдықтауға арналған 597 темірбетон тіректің 437-сі орнатылды.

Бүгінде нысанда бірінші және екінші көтергіш сорғы стансасы, су тазарту стансасы, сондай-ақ бастапқы және таза су резервуары салынып жатыр. Барлық құрылыс-монтаж жұмыстын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жоба жүзеге асқаннан кейін Талапкер, Қажымұқан және Төңкеріс ауылдары орталықтандырылған ауыз сумен қамтылып, Арайлы ауылындағы сумен жабдықтау жүйесі жақсарады.
Одан кейін министр Сандықтау ауданына барып, Красная Поляна, Петриковка және Арбузинка ауылдарын сумен қамту жүйесінің құрылысы қалай жүріп жатқанымен танысты. Қазіргі таңда жоба аясында 22,1 шақырым құбыр желісі толық тартылып, су алу құрылғысы мен су құбыры нысандарының екі алаңы салынған. Қосымша екі ұңғыма бұрғыланып жатыр. Жобаны биыл аяқтау жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Нұржан Нұржігітов Жабай өзеніндегі жұмыспен танысты. Бүгінде ұзындығы 7,3 шақырым учаскеде өзен арнасын 120 метрге дейін кеңейту және түбін 3 метрге дейін тереңдету толық аяқталған. Алдағы уақытта өзен жағалауын тегістеу және жерсорғыш техниканың көмегімен өзен түбін қосымша 1,5 метрге тереңдетіледі.
Жоба Жабай өзенінің су өткізу қуатын арттыруға бағытталған. Нәтижесінде Ақмола облысында көктемгі су тасқыны кезеңінің қауіпсіз өтуі қамтамасыз етіледі.
Еске сала кетсек, Қазақстан мен Өзбекстан су ресурстарын басқаруда ынтымақтастықты күшейтеді.