Астаналық оқушы ТЖД бастығының алғыс хатына ие болды

Астаналық оқушы ТЖД бастығының алғыс хатына ие болды
Фото: Астана қаласы ТЖД

Астанада Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бұйрығымен азаматтық парызын орындап, төтенше жағдайда әрекет еткен бірқатар азаматтар марапатталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Іс-шара барысында департамент бастығының бірінші орынбасары Бақытжан Мәуленбердиев көпқабатты үйдің өртенуі кезінде көрсеткен батылдығы үшін полиция капитандары Қуандық Зарапов пен Хафиз Мұқышевты грамотамен марапаттады. «Байқоңыр» ауданы полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің ювеналды полиция бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторлары өрт кезінде 5 газ баллонын шығарған болатын.

Одан бөлек, байқампаздық пен азаматтық жауапкершілігі үшін, көпқабатты тұрғын үйдің балконында қамалып, үйіне кіре алмай қалған әйелге «112» нөміріне хабарласып құтқарушыларды шақырған Астана қаласы Мәшһүр Жүсіп атындағы №57 мектептің 7-сынып оқушысы Диас Асаубаев та грамотамен марапатталды.

Қиындыққа тап болған кезде көмек қолын созу қажеттігі туралы ерте бастан үйреткен, сондай-ақ алғыр баланы лайықты тәрбиелеп өсіргендері үшін Диастың ата-анасы ТЖД бастығының атынан алғыс хатпен марапатқа ие болды.

Сондай-ақ Сарыарқа ауданындағы тұрғын үй кешенінде орын алған өрт кезінде пәтерден 2016 және 2018 жылы туған екі баланы қауіпсіз жерге шығарған Тұрғынбек Айдарәлі де марапатталды.