Саналы ұрпақ: Астанада жемқорлыққа қарсы жастар форумы өтті
Астаналық Жоғары көлік және коммуникация колледжінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және парасаттылық құндылықтарын дамыту мақсатында «Саналы ұрпақ» форумы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шараны Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ұйымдастырды.
Форумға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті превенция басқармасының офицері Әйгерім Аңсағанова, Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Айдана Қамзаева және жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің студенттері қатысты.
Іс-шара сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске белсенді жастар мен студенттерді тарту, олардың құқықтық мәдениетін арттыру және парасаттылықтың негізін нығайтуға бағытталды.
Әйгерім Аңсағанова жастарға жемқорлықтың алдын алу бағытында семинар-сабақ өткізді.
«Негізгі басымдықтардың бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Сондықтан түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру қажет. Халық өзінің құқықтарын толық білуі керек. Сондай-ақ мақсатымыз жемқорлық фактілері тіркелген жағдайда, адамдар пара алу мен пара беруге не үшін барғанын анықтап, нақты мәселелерді жемқорлықсыз шешетін жолдарды табу. Сондықтан бүгінгі жастар да өз болашағы үшін жемқорлықсыз қоғам құруға талпынуы тиіс», – деп атап өтті Әйгерім Аңсағанова.
Ал жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру жолындағы маңызды қадам саналған форум соңында барлық қатысушы оқу орындарына арнайы дипломдар табысталды.
Шапағат ӘБДІР