Мәжіліс депутаты: Тәуелсіздік – тек өткенге тағзым емес, болашаққа берілген уәде

Мәжіліс депутаты: Тәуелсіздік – тек өткенге тағзым емес, болашаққа берілген уәде
Фото: Екатерина Смолякованың жеке мұрағатынан

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смолякова Тәуелсіздік өткеннің естелігі ғана емес, бүгінгі таңдағы жауапкершілік және болашақ алдындағы адалдық екенін айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Тәуелсіздік өткеннің естелігі ғана емес, бұл – бүгінгі таңдағы жауапкершілік және болашақ алдындағы адалдық. Бұл – ұрпақтар арасындағы үнсіз келісім: еркіндікті сақтап қана қоймай, оны әділ, қауіпсіз әрі мүмкіндіктері тең елге айналдыру.

Бүгінгі Қазақстан терең өзгерістер кезеңін бастан өткеріп отыр. Әділетті Қазақстанды құру жолы оңай жол емес. Бірақ бұл жолдың өзегі айқын: мемлекет үшін ең басты құндылық – адам, оның қадір-қасиеті мен әлеуеті. Заңның үстемдігі, әлеуметтік әділдік, білім мен технология – осының бәрі нақты өмірде сезілуі тиіс», - деді Екатерина Смолякова Elordainfo.kz тілшісіне.

Сонымен қатар депутат бүгін қабылдаған шешімдер ертеңгі Қазақстанды қалыптастыратынын, сондықтан әділдік ұран емес, заң мен тәртіпке сүйенген күнделікті тәжірибе болуы керек екенін айтты.

«Мен үшін Тәуелсіздік бұл – жастарға сену және оларға болашақ үшін жауапкершілік жүктеу; әйелдердің экономикалық және қоғамдық белсенділігін қолдау; ерекше қажеттілігі бар балалар мен азаматтардың құқықтарын сөз жүзінде емес, іс жүзінде қорғау; цифрлық даму мен білімді қоғам игілігіне айналдыру.

Өйткені шынайы Тәуелсіздік – ешкім шет қалмайтын қоғам. Әр азамат өз мүмкіндігін пайдалана алатын, әр отбасы өзінің қорғалғанын сезінетін мемлекет.

Біз бүгін қабылдаған шешімдер ертеңгі Қазақстанды қалыптастырады. Сондықтан әділдік ұран емес, заң мен тәртіпке сүйенген күнделікті тәжірибе болуы керек. Ал азаматтық жауапкершілік – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Тәуелсіздік – тек өткенге тағзым емес, болашаққа берілген уәде. Сол уәдеге адал болу – мемлекет те, қоғам да, әрбір азамат үшін басты өлшем», - деді Мәжіліс депутаты.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Екатерина Смоляковамен Республика күні қарсаңында Ұлттық мерекенің маңыздылығы жөнінде сұхбат құрған болатынбыз.