Тәуелсіз еліміздің саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени бағыты айқындалып үлгерді – саясаттанушы

Тәуелсіз еліміздің саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени бағыты айқындалып үлгерді – саясаттанушы
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Философия, саясаттану және дінтану институтының Салыстырмалы саяси зерттеу орталығының басшысы Айдар Әміребаев тәуелсіз Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі мен ішкі саясаттағы ұстанымы туралы айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Тәуелсіздік дегеніміз – әр мемлекетке, әр халыққа ең маңызды ұғым деп айтуға болады. Біздің қазақ елі, қазақ мемлекеті құрылғаннан бері, әртүрлі тарихи кезеңдерден өттік. 1465-1466 жылдары Қазақ хандығы құрылды десек, қазақтың өз алдына дербес құрылым болуының 600 жылдық тарихы бар.
Осындай әртүрлі тарихи кезеңдерден өткен еліміз 1991 жылы тәуелсіз Қазақстан мемлекетін жариялады. Әрине, тәуелсіздік жариялаудың тарихи маңызы зор. Біз қазақ тілінде сөйлейміз, кең-байтақ шекарамызды бекем ұстап отырмыз, саяси, экономикалық, әлеуметтік жағынан жүйе қалыптасып, мәдени бағытымыз айқындалып үлгерді. Осының барлығы Қазақстан мемлекеті үшін тәуелсіздіктің салтанат құрып тұрғанының көрінісі», - деді сарапшы.

Саясаттанушының айтуынша, Қазақстанның халықаралық экономикалық келісімдері ел дамуына серпін беріп отыр.

«Қазір Президентіміз жариялаған «Әділетті Қазақстан» бағдарламасы аясында экономикалық, құқықтық, әлеуметтік жағынан көп іс-шаралар қолға алынып жатыр.

Дәл қазіргі уақытта жұмыр жер бетінде халықаралық геосаясатта күрделі жағдайлар болып жатқан кезеңде, халықаралық серіктестерімізбен тиімді экономикалық келісімдерге отырып, тіпті, Америка Құрама Штаттары сияқты алпауыт елдермен тығыз қарым-қатынаста болып жатқанымыз біздің халықаралық аренада жоғары беделге ие екенімізді көрсетеді. Бұған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіби дипломат ретіндегі қарым-қабілетінің әсері бар екенін айта кету керек. Халықаралық сарапшылардың әртүрлі беделді БАҚ-тардағы мақалаларында Қазақстанды орта шеңбердегі держава деп танитынын көреміз. Соңғы уақытта осы орта шеңбердегі державалардың геосаясаттағы салмағы артып келе жатқанын айта кетейін.

Сыртқы саясат пен ішкі саясат тығыз байланысты. Біздің халықаралық аренадағы беделіміздің өсуіне іштегі тұрақтылық та өзінің әсерін тигізеді. Біздің ішкі саясаттағы ұстанымымыз – халық пен биліктің арасындағы диалогқа, бір-бірін тыңдай білуге негізделген», - деді Айдар Әміребаев.