Тәуелсіздік күні – ұлттың рухын көтерген тарихи белес – мәслихат депутаты

Тәуелсіздік күні – ұлттың рухын көтерген тарихи белес – мәслихат депутаты
Фото: instagram.com/bahargul_tolegen

Астана қаласы мәслихатының депутаты Бахаргүл Төлегенқызы Тәуелсіздік күнінің мән-маңызы туралы айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

"Тәуелсіздік күні – мен үшін ең алдымен елдің тағдырын айқындаған, ұлттың рухын көтерген тарихи белес. Бұл күн — бірнеше ғасыр бойы азаттықты аңсаған ата-бабалар арманының орындалған сәті. Сондықтан Тәуелсіздік тек күнтізбедегі дата емес, ол – жүректе сақталатын ерекше құндылық. Мен үшін бұл мереке еліміздің ең құнды жетістіктерін бағалау, өткенге тағзым ету және болашағымызға деген сенімді нығайту күні.
Тәуелсіздіктің мән-маңызы – өз болашағымызды өзіміз айқындай алатын мемлекетке айналу, халқымыздың тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтау және оны дамыту. Тәуелсіздік бізге мемлекет құрудың, жаңа мүмкіндіктерге жол ашудың, әлемдік аренада өз орнымызды қалыптастырудың тарихи мүмкіндігін берді. Бұл — тек саяси дербестік емес, ой еркіндігі, әрекет еркіндігі, даму бағытын таңдау еркіндігі.

Сондықтан мен үшін Тәуелсіздік – ұрпаққа аманат етіп қалдыратын ең басты құндылық. Оны сақтау, нығайту және ел игілігі үшін қызмет ету — әр азаматтың ортақ міндеті деп санаймын. Тәуелсіздік бізден тек мақтаныш емес, жауапкершілік те талап етеді. Қоғам ретінде бірлігімізді күшейтіп, ортақ мақсатқа жұмыла білгенде ғана, Тәуелсіздігіміз баянды болады", - деді депутат.