AI & Digital Bridge 2026: форумға 25 мыңнан астам адам қатысты

AI & Digital Bridge 2026: форумға 25 мыңнан астам адам қатысты
Фото: Astana Hub

Астанада өтіп жатқан AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумына 25 мыңнан астам адам қатысты. Іскерлік бағдарламаға 300-ден астам спикер, оның ішінде 90-нан астам шетелдік сарапшы қатысып, 60-қа жуық панельдік сессия ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Astana Hub баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Форумның екінші күнінде жасанды интеллект экономикасы, технологиялар мен капитал үшін жаһандық бәсеке, мемлекеттің цифрлық трансформациясы, инфрақұрылым, адами капитал және технологиялық кәсіпкерлік мәселелері талқыланды.

Форум аясындағы көрме алаңында Startup Alley аймағында 90-нан астам стартап, 49 IT-компания және 50 жеке стенд пен павильон таныстырылды. Сонымен қатар жасанды интеллект, инвестиция, білім беру, технологиялар трансфері, цифрлық денсаулық сақтау, киберқауіпсіздік және технологиялық инфрақұрылым бағыттарында 41 меморандумға қол қойылды.

Негізгі пікірталастардың бірі «The New Economy: Powered by AI» сессиясы болды. Сарапшылар жасанды интеллекттің жаһандық экономиканы өзгертуі және өсудің жаңа модельдерін қалыптастыруы туралы пікір алмасты. Талқылауға Премьер-Министрдің орынбасары – Жаслан Мәдиев, Freedom Holding Corp. бас директоры Тимур Турлов, 01.AI негізін қалаушы әрі бас директоры Кай-Фу Ли, Sherpa Capital компаниясының негізін қалаушы Шервин Пишевар және «Қазахтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин қатысты.

«The New AI World Order» сессиясында жасанды интеллекттің жаңа жаһандық архитектурасы, технологиялар, есептеу қуаттары, капитал және халықаралық ықпал мәселелері сөз болды.

Ал «Capital for the AI Era» сессиясында жасанды интеллект дәуіріндегі инвестициялар мен технологиялық компаниялардың ұзақ мерзімді құндылығы талқыланды. Қатысушылар инвесторлар үшін технологияның өзі ғана емес, нақты өнім, тұтынушы базасы және бизнесті масштабтау мүмкіндігі маңызды екенін атап өтті.

Адами капиталға арналған «Who Will Power the AI Economy» сессиясында жасанды интеллект экономикасында сұранысқа ие дағдылар және білім беру жүйесі, мемлекет пен технологиялық бизнес арасындағы өзара іс-қимыл мәселелері қарастырылды.

Мемлекеттің цифрлық трансформациясына арналған «Digital Qazaqstan 2029: стратегиядан экономика мен мемлекетті трансформациялауға дейін» сессиясында цифрландыру стратегиясын нақты әрі өлшенетін нәтижелерге айналдыру мәселесі көтерілді. Талқылауға мемлекеттік органдардың өкілдері, сарапшылар мен қаржы секторының мамандары қатысты.

Сондай-ақ форумда телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, eGov 3.0, медициналық деректермен қауіпсіз алмасу, цифрлық дамуды құқықтық реттеу, AI-native қалалар, киберқауіпсіздік және GPU инфрақұрылымы тақырыптары бойынша сессиялар өтті.

Көрме бағдарламасы Robotics, Art, GameDev және Vibe Coding атты төрт тақырыптық аймақты қамтыды. Startup Alley алаңында стартаптар өздерінің өнімдері мен технологиялық әзірлемелерін таныстырды.

Форум аясында жасанды интеллект, инвестиция, білім беру, технологиялар трансфері, цифрлық денсаулық сақтау, киберқауіпсіздік және технологиялық инфрақұрылым салаларындағы ынтымақтастықты көздейтін бірқатар келісімге қол қойылды. Олардың қатарында «Қазахтелеком» АҚ мен Network School арасындағы ынтымақтастық туралы келісім, Astana Hub пен United Ventures меморандумы, BGlobal Ventures пен PanDev арасындағы инвестициялық серіктестік туралы уағдаластықтар бар.

AI & Digital Bridge 2026 форумы «Kazakhstan is the Eurasian AI Hub» ұстанымымен 1–3 қазан аралығында Астанадағы «EXPO» халықаралық көрме орталығында өтіп жатыр.

Форумның соңғы күнінде іскерлік және технологиялық сессиялар, стартаптардың тұсаукесерлері, креативті индустриялар бағдарламасы және Astana Hub Battle байқауының финалы өтеді. Сондай-ақ AI & Digital Bridge Awards 2026 жеңімпаздарын марапаттау рәсімі және Astana AI Film Festival кинофестивалінің жабылу шарасы жоспарланған.

Форумды Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Astana Hub және Астана қаласының әкімдігі ұйымдастырып отыр.