00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Су саласының мамандары АҚШ пен Аустралияда білім алады

11 желтоқсан, 2024
Олжас Сүлейменов Олжас Сүлейменов
Су саласының мамандары АҚШ пен Аустралияда білім алады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Су саласының мамандары «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ пен Аустралияда білім алады. Қазақстандық мамандарға шетелде оқуға мүмкіндік жасау үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі Ғылым және жоғары білім министрлігімен келісім жасады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Келесі жылы министрліктің екі қызметкері Америка Құрама Штаттарында оқу тағылымдамасынан өтеді. Тағы бір маман «Болашақ» бағдарламасы бойынша Аустралияда, магистратурада білім алады.

Еске салсақ, Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасы бойынша биыл «Болашақ» бағдарламасына «Гидрогеология», «Су ресурстары» секілді оқу бағдарламалары қосылған болатын. Осының нәтижесінде, қазақстандықтар аталған мамандықтар бойынша шетелде білім алу мүмкіндігіне ие болды.

«Су шаруашылығы саласы мамандарының біліктілігін арттыру министрлік жұмысының басым бағыттарының бірі болып табылады. Бүгінгі таңда ведомство Қытай, Нидерланды, Франция сынды мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен тәжірибе алмасу және бірлесіп маман даярлау жөнінде келісім жасады. Биыл Нидерланды сарапшылары Астана және Ақтөбе қалаларында су тасқыны қаупін басқару бойынша 3 мәрте оқу семинарын өткізді. Осының нәтижесінде су тасқынына қарсы іс-қимыл мәселелерімен айналысатын 50-ден астам қазақстандық маман біліктілігін арттырды»,- деді Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз.

Сонымен қатар жазда «Қазсушар» мекемесінің мамандары Жапонияның Саппоро қаласында үш айлық оқу курсына қатысты. Ал, Қызылорда облысы бойынша «Қазсушар» филиалы директорының орынбасары Оңтүстік Корея мемлекетіне барып, тәжірибе алмасып қайтты.