Наурыздағы ҰБТ кезінде 235 ереже бұзушылық анықталды

9 сәуір, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Наурыздағы ҰБТ кезінде 235 ереже бұзушылық анықталды
Фото: Ұлттық тестілеу орталығынан

159 мыңнан астам адам наурыз айындағы ҰБТ-ны тапсырды. Оның ішінде талапкерлердің 76,2%-ы қазақ тілінде, 23,7%-ы орыс тілінде, 124 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

ҰБТ-да шекті балды 75,5%-ға жуық талапкер жинады. Орташа балға келетін болсақ, ол 69 балды (5 пән бойынша) құрады. Ең жоғары балл – 140, оны Алматы облысының талапкері жинады.

Тестке қатысушылардың басым бөлігі «Биология-Химия» комбинацияларын таңдаған, атап айтқанда, 17,3%-ы тапсырды. «Математика-Физика» пәндерін 17,1% таңдаған. Сондай-ақ топ-3 қатарына талапкерлердің 10,5% таңдаған «Математика-Информатика» комбинациясы кірді. Ең аз таңдалған комбинация – «Химия-Физика», оны 171 адам тапсырған.

2025 жылғы наурыз ҰБТ-сының қорытындысы бойынша мектеп түлектері «Оқу сауаттылығы» пәнін жоғары деңгейде тапсырды. Орташа есеппен, сұрақтардың 77,9%-ына дұрыс жауап берілген.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында наурыз ҰБТ-сына 386 талапкер қатысқан.

«ҰБТ өткізу барысында 235 ереже бұзушылық анықталды. Оның ішінде 85 талапкер смартфон және шпаргалка сияқты тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды, тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 95 адам шығарылды, ал 55 адамның сертификаты тестілеу бейнежазбасын тексеру нәтижесінде жойылды. Өзге тұлғалар анықталған жоқ.

Талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алды. Бұл жолы 22 мыңнан астам өтініш қабылданып, олардың ішінде 17 бірегей тест тапсырмасына қатысты өтініштер қанағаттандырылды. Республикалық комиссия жұмысын аяқтады, талапкерлердің сертификаттары жеке кабинетте қолжетімді», - делінген ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының ақпаратында.  

Айта кетсек, 2025 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.

Естеріңізге сала кетсек, наурыздағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, өткен жылғы мектеп және колледж түлектері, ҚР азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғалар, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысты.