Қазақстан білім беру жүйесіне ЖИ-ді енгізудің ұлттық моделін бекітті

Қазақстанда білім беру жүйесін жаңғырту бағытында маңызды қадам жасалды. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев 2025–2029 жылдарға арналған жасанды интеллектіні (ЖИ) білім беру жүйесіне енгізудің тұжырымдамалық негіздерін бекіту туралы бірлескен бұйрыққа қол қойды, деп хабарлады Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Құжат Мемлекет басшысының Жолдауында берілген тапсырмалар аясында әзірленіп, алғаш рет білім беру саласында жасанды интеллектіні қолданудың ұлттық стандарттарын белгілейді. Онда этика, құқықтық реттеу, дербес деректерді қорғау және академиялық адалдық мәселелері қамтылған.
ЖИ қолдану тек мектептерді ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын да қамтиды. Жоспар бойынша:
-оқу бағдарламаларына ЖИ тақырыптары енгізіледі;
-заманауи цифрлық оқулықтар дайындалады;
-оқушылардың жобалық дағдыларын дамытуға жағдай жасалады;
-педагогтердің біліктілігі Acquire → Deepen → Create үшсатылы үлгісімен жетілдіріледі.
«Жасанды интеллект педагогтің орнын баспайды, керісінше оның рөлін арттырады. Себебі білім беру процесіндегі түпкілікті шешімді адам қабылдайды», – деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Жаслан Мәдиев өз кезегінде тұжырымдаманың балалар мен жастарды заманауи технологияларды пайдаланушыдан құрастырушы деңгейіне көтеруді көздейтінін атап өтті.
Қазақстан бұл бағытта ЮНЕСКО, ЭЫДҰ және Еуропалық одақтың ұсынымдарын негізге ала отырып, ұлттық жолын айқындаған алғашқы елдердің бірі болды.
Айта кетейік, 2025-2026 оқу жылынан бастап «Цифрлық сауаттылық» пен «Информатика» пәндеріне ЖИ элементтері енгізілді. Сондай-ақ оқушылар үшін Day of AI әдістемелік кешені дайындалып, мұғалімдерге арналған біліктілікті арттыру бағдарламалары іске қосылды.



