Қазақстандық музыканттар Солтүстік Африкаға гастрольдік сапармен барады

Қазақстандық музыканттар Солтүстік Африкаға гастрольдік сапармен барады
Фото: FORTE TRIO

Алжир Халық Демократиялық Республикасы Мәдениет министрлігінің шақыруымен, Қазақстан Республикасының осы елдегі Елшілігінің қолдауымен 29 наурыз бен 6 сәуір аралығында қазақстандық FORTE TRIO триосы Солтүстік Африкаға гастрольдік сапармен барып, өнер көрсетеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Ел астанасы Алжир қаласынан Оранға дейінгі терең ойластырылған бұл сапар музыка арқылы өзара түсіністікке жол ашады деп күтіліп отыр.

FORTE TRIO – Қазақстандағы фортепиано, скрипка және виолончель құрамындағы алғашқы әрі жалғыз мемлекеттік ансамбль. Ұжымның көркемдік жетекшісі – белгілі пианист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Тимур Урманчеев. Ансамбль құрамында халықаралық байқаулардың лауреаттары – скрипкашы Максат Джусупов пен виолончелист Мұрат Нарбеков өнер көрсетеді.

Ұжым 13 жыл бұрын құрылған. Осы уақыт ішінде трио халықаралық деңгейде танылып, жоғары кәсіби орындаушылық мектебінің жарқын өкілі ретінде қалыптасты. Ансамбль Еуропа мен Азияның беделді концерт залдарында өнер көрсетіп, Қазақстанның орындаушылық дәстүрін танытып келеді. Оның гастрольдік картасына Канада, Италия, Франция, Германия, АҚШ, Аустрия, Чехия, Бразилия, Қытай және басқа да елдер енеді.

Бүгінде FORTE TRIO еліміздің жетекші мәдени орталықтары - Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» және Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның атынан өнер көрсетеді.

2 сәуір күні қазақстандық музыканттар Солтүстік Африкадағы басты музыкалық сахналардың бірі – Opéra d’Alger-де өнер көрсетеді. 2016 жылы ашылған бұл театр аз уақыт ішінде халықаралық деңгейдегі мәдени оқиғалардың орталығына айналған. 35 мың шаршы метр аумақты алып жатқан ғимараттың залы 1400 көрерменге арналған.

FORTE TRIO бұл кеште Алжир операсының симфониялық оркестрімен бірге өнер көрсетеді. Бағдарламада Астор Пьяццолла мен Антонио Вивальдидің шығармалары, сондай-ақ қазақ ойшылы Абайдың шығармашылығынан шабыт алған француз композиторы Пьер Тиллуаның «Мечта Абая» атты симфониялық туындысы орындалады. Концертті Илья Башкатовтың қазақ халық әндерінің тақырыптарына құрылған «Ән шашу» шығармасы түйіндейді.

Концерттік бағдарламамен қатар трио мүшелері Higher National School of Music of Algiers оқу орнында шеберлік сабақтарын өткізеді. Жас музыканттармен тәжірибе алмасу, қазақстандық орындаушылық мектепті таныстыру гастрольдердің маңызды бөлігі болып қала береді.

Алжирдің екінші ірі қаласы - Оран Жерорта теңізінің жағалауында орналасқан. 903 жылы андалузиялық мавр саудагерлері негізін қалаған қала бай тарихи мұрасымен ерекшеленеді. Оның атауы бербер тіліндегі «Вахран» сөзінен шығып, «екі арыстан» деген мағынаны білдіреді. Оран қаласының басты мәдени нысандарының бірі – бозар стиліндегі сәнді сәулетімен танылған Théâtre d’Oran театры. Дәл осы тарихи сахнада қазақстандық ансамбль камералық бағдарлама ұсынады.

Бұған дейін «Астана Опера» репертуары жаңа қойылыммен толыққанын жазған едік.