Қазақстан мен БАӘ арасындағы келісім жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды

Қазақстан мен БАӘ арасындағы келісім жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды
Фото: pexels.com

Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері қызметтер саудасы мен инвестициялар саласында еркін сауда туралы келісім жасау жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл келісім қызметтер саудасын ырықтандыруға және инвесторларға тұрақты құқықтық жағдай жасауға бағытталған.

Осыған байланысты ҚР Сауда және интеграция министрлігі Қазақстан Президентінің «Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы қызметтер саудасы және инвестициялар туралы келісімге қол қою туралы» Жарлығының жобасы жарияланғанын хабарлады. Құжат ресми интернет-ресурда және «Ашық НҚА» порталында орналастырылған.

Жоба бойынша қоғамдық талқылау 2026 жылғы 20 наурыз бен 6 сәуір аралығында өтеді.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында қызметтер саудасы мен инвестициялар бойынша еркін сауда туралы келісім жасау жөніндегі келіссөздер 2023 жылы басталған болатын.

Бұған дейін Қазақстан мен БАӘ сыртқы істер министрлері Таяу Шығыстағы ахуалды талқылағанын жазғанбыз.