Қазақстан мен БАӘ сыртқы істер министрлері Таяу Шығыстағы ахуалды талқылады
Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Біріккен Араб Әмірліктері Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Абдалла бен Заид Әл Наһаянмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.
Әңгіме барысында тараптар Таяу Шығыстағы қазіргі жағдайды талқылап, өңірдегі шиеленіске қатысты пікір алмасты. Қазақстан тарапы Қасым-Жомарт Тоқаев бұрын білдірген ұстанымды растады және өңірдегі ахуалдың ушығуына, оның ішінде БАӘ аумағына жасалған шабуылдарға алаңдаушылық білдірді.
Сонымен қатар, Қазақстан бейтарап мемлекеттерді әскери қақтығыстарға тартуға қарсы екенін және өңір елдерінің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтау қажеттігін атап өтті. Тараптар жағдайды халықаралық құқық қағидаттарына сай деэскалациялау және дағдарысты саяси-дипломатиялық жолмен шешудің маңыздылығына назар аударды.
Екіжақты ынтымақтастық мәселелері де күн тәртібінен тыс қалмады. Ермек Көшербаев БАӘ-нің Қазақстан үшін өңірдегі негізгі серіктестердің бірі екенін айтып, елдер арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынастарды атап өтті.
Сондай-ақ, Қазақстан тарапы БАӘ билігіне ел азаматтарын эвакуациялауға көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірді. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды елге қайтару басты басымдық болғаны жеткізілді.
Өз кезегінде Абдалла бен Заид Әл Наһаян қазақстандық тарапқа ризашылығын білдіріп, өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі халықаралық ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.
Келіссөз қорытындысында тараптар екіжақты серіктестікті одан әрі нығайтуға және халықаралық әрі өңірлік ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендерін растады.