Қазақстан арқылы Ресейге бал өнімдерін заңсыз өткізбек болған қырғызстандық жазаланды

Қазақстан арқылы Ресейге бал өнімдерін заңсыз өткізбек болған қырғызстандық жазаланды
Фото: АШМ

Жамбыл облысы Қордай ауданында орналасқан «Қарасу» ветеринариялық бақылау бекетінде ветеринариялық-санитариялық инспекторлар ара шаруашылығы өнімдерін заңсыз транзиттік тасымалдау әрекетінің жолын кесті, деп хабарлады Elordainfo.kz АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, Қырғыз Республикасының азаматы өз елінен Ресейге Қазақстан аумағы арқылы транзитпен «DAF» маркалы жүк автокөлігімен бал өнімдерін тасымалдаған. Тексеру барысында өнімге оның қауіпсіздігі мен шығу тегін растайтын міндетті ветеринариялық құжаттардың болмағаны анықталды.

«Азаматқа Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 406-бабының 2-тармағына сәйкес әкімшілік айыппұл салынды. Тасымалданған ара шаруашылығы өнімдері кері қайтарылды. Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті ветеринариялық қызметтің бақылауындағы жүктерді тасымалдауға тек белгіленген ветеринариялық ілеспе құжаттар болған жағдайда ғана рұқсат етілетінін ескертеді», - делінген хабарламада.

Аталған талаптарды сақтау ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, сондай-ақ Қазақстан аумағына қауіпті өнімдердің әкелінуі мен транзитінің алдын алу үшін айрықша маңызды саналады.

Бұдан бұрын Ақтау қалалық сотының үкімімен бірқатар компания директорлары мен қызметкерлері мұнайды Әзербайжанға заңсыз тасымалдағаны үшін сотталғанын жазған болатынбыз.