2 млрд теңге залал: Әзербайжанға заңсыз мұнай тасымалдаған қылмыстық топ сотталды
Ақтау қалалық сотының үкімімен бірқатар компаниялардың директорлары мен қызметкерлері мұнайды Әзербайжанға заңсыз тасымалдағаны үшін сотталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас көлік прокуратурасына сілтеме жасап.
Аталған тұлғалар қылмыстық топ құрамында «пештік отын» атауын пайдаланып, мұнайды кедендік шекара арқылы бірнеше рет заңсыз өткізіп, мемлекетке 2 млрд теңге көлемінде залал келтірген.
Олардың іс-әрекеттері ҚК-тің 234-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен және 262-бабының 2-бөлігімен (қылмыстық топпен, бірнеше рет жасалған контрабанда) сараланды.
«Сот тұлғаларға қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде бас бостандығынан айыру жазасын өтеуді тағайындады.
Мүліктер мемлекет кірісіне тәркіленіп 1,4 млрд теңгеден астам шығын өндірілді», - делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енді.
Бас көлік прокуратурасы мұнай және мұнай өнімдерін заңсыз әкелу мен әкетуге оқталғаны үшін мүлікті тәркілеу арқылы қылмыстық заңмен қатаң түрде жолы кесілетіні туралы ескертеді.
Бұған дейін Үкімет жанар-жағармай нарығын бақылауды күшейтетінін жазған болатынбыз.