Көрісу күні – көктемде қауышқан елдің сағынышын білдіретін ерекше жоралғысы

Көрісу күні – көктемде қауышқан елдің сағынышын білдіретін ерекше жоралғысы
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Бүгін Ұлыстың ұлы күндерінің бастауы – Көрісу күні мерекесі, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Көктемнің алғашқы лебі сезілген сәттен бастап қар құрсауынан қылтиып шыққан көк шыбықтай адамдардың да көңілі жаңарып, бір – біріне деген ықыласы арта түседі. Осындай мезетте халықтың жүрегін жайландыратын, ағайын мен туысты, көрші – қолаңды қауыштыратын ерекше күн бар. Ол – Көрісу күні.

Қазақ дәстүрінде бұл күн жай ғана амандасу немесе хал – жағдай сұрасу емес. Көрісу күнінде жыл бойы бірін – бірі көрмеген адамдардың шын ниетімен қауышып, өкпе – ренішті ұмытып, жаңа кезеңді таза көңілмен бастауға ұмтылатын шағы. Бұл үрдісті әлі күнге дейін үзбеген өңірлерде тұрғындар таң атқаннан бастап үй – үйді аралап, үлкендерге сәлем беріп, құрдастарымен құшақтасып амандасады. «Бір жасыңмен!» деп тілек айтып, өткен жылдың ауыртпалығын артта қалдырғандай әсер етеді.

Көрісу күнінің мәні – қоғамды ұйыстыруында. Кейінгі кезде уақыттың тапшылығы, тіршіліктің қарбаласы адамдарды бір – бірінен алыстатып бара жатқандай көрінеді. Дәл осындай күндер ұмытылып бара жатқан жан жылулығына қайта жан бітіреді. Қол алысу, төс қағысып амандасу, ақжарма тілек айту – бәрі де халықтың бірлігі мен бауырмалдығын нығайта түседі.

«Көрісу күнін қайтеміз деушілер де табылар. Турасын айтсақ, біздің Жаңа жылымыз осы күн. Көрісу күнін Арқа қазақтары да атап өтетін. Оны өзіміз де көрдік. Көрісу күнінің түпкі мән – мағынасы халқымыздың жаңа жылды жақсылықпен қарсы алу дәстүрімен астасып жатыр», - дейді жазушы-этнограф Төрехан Майбас.

Этнографтар Көрісудің маңызына ерекше мән береді.

Бұл жайында Серік Ерғали:

«Мүшел жылы қазақ есебі бойынша 14 наурызда басталады. Жылқы жылы сияқты мүшел жүйесі бойынша жаңа жыл осы күні кіріп, көктемнің алғашқы күнін белгілейді. Ал ескі жылмен қоштасу 13 наурызда өтеді. 22 наурыз – Күн мен Түн теңелетін, аса ежелгі Күнге табыну дәстүрінен қалған мерекелердің бірі. Халқымыз бұл екі күннің арасын бөліп-жармай, 8–9 күн, кейде тіпті бір ай бойы атап өткен», - дейді.

Ал тарихшы – этнограф Жамбыл Артықбаев Көрісудің терең мәнін былай түсіндіреді:

«Көрісу – жай ғана қол алысып, құшақтасу емес. Қыс бойы бір – бірін көрмеген елдің амандығын сұрап, сағынышын білдіретін ерекше жоралғысы. Ертеде жұрт бір – бірін құшақтап, кейде дүниеден өткендерін жоқтап, кейде тірі қалғанына шүкірлік айтқан. «Қыстан аман шықтың ба, мал – жан аман ба, шаруашылығың жақсы ма?» – деп өлеңдетіп көріскен», - дейді.

Расында да тұжырымдар тізбектеле келіп Көрісу күнінің тарихын аша түседі.

Көрісу күні жаңа бастамалардың баспалдағы. Қазақ танымында көктем табиғаттың ғана емес, адамның да жаңаратын шағы. Сондықтан бұл күнді кейбіреулер жаңа жылдың бастауы ретінде де қабылдайды.

Бүгінде Көрісу күні бүкіл елге ортақ рухани құндылыққа айналып келеді. Бұл күн елді бірлікке шақырып, ұлттық салт – дәстүрдің маңызын еске салады. Қанша уақыт өтсе де халықтың бір – біріне деген мейірімі мен ықыласы жоғалмауы тиіс. Адамды адамға жақындататын жылы сөз, ақ ниет және шынайы құрмет. Ал осы қасиеттер көрісу дәстүрінде көрініс табады. Қазақы жаңа жылдың бастауы Көрісу күні құтты болсын!