Депутаттар алимент міндеттемелерін орындауды жетілдіру мәселелерін қарастырды
Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінде елімізде алименттік міндеттемелерді орындау тетіктерінің тиімділігін арттыру жолдары талқыланды. Дөңгелек үстел атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері жөніндегі заң жобасы бойынша жұмыс аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Талқылауға депутаттар, салалық мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП, Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының және сараптамалық қоғамдастық өкілдері қатысты.
Отырыста Мәжіліс депутаты, заң жобасы бойынша жұмыс тобының мүшесі Наталья Дементьева елімізде алимент міндеттемелерін орындау саласында жүйелі проблемалар орын алып отырғанын атап өтті. Ол Әділет министрлігінің деректеріне сүйене отырып, жүздеген мың атқарушылық іс жүргізу бар екенін, олардың ондаған мыңы іс жүзінде орындалмайтынын айтты.
– Бұл өз кезегінде, сот шешімі шығарылғанына қарамастан, бала заңда қарастырылған материалдық қамтамасыз етуді толық көлемде алмайтынын білдіреді. Осы жағдай қолданыстағы атқарушы тетіктердің тиімділігінің жеткіліксіз екенін айқын көрсетеді. Сол себепті нақты тиімді тетіктерді қамтамасыз етуді, оған қоса алимент төлемдерін пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған заңнаманы жетілдіруді талқылау ұсынылады, – деді Наталья Дементьева.
Жұмыс тобының жетекшісі, депутат Дмитрий Колода Мәжілісте осы мәселелерді шешу үшін жұмыс жүріп жатқанына тоқталды. Депутаттардың қарауында атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері жөніндегі заң жобасы бар. Бұл құжатта қарастырылған өзгерістер атқарушылық іс жүргізуде азаматтардың құқықтарын қорғауды нығайтуға, оны жетілдіруге, сондай-ақ жеке сот орындаушыларының кәсібилігі мен жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Атап айтқанда, ұсынылған мерзімі өтіп кеткен жағдайда барлық мәжбүрлеп орындау шараларының күшін жою, бітімгерлік келісім жасасу үшін тараптар сотқа жүгінген кезде атқарушылық іс жүргізуді бір айға дейін тоқтата тұру және басқа да нормалар енгізіледі.
– Сонымен қатар, біздің комитеттің депутаттары жақында атқарушылық іс жүргізу саласында қабылданып, қазірдің өзінде тиімді қолданылып жүрген бірқатар түзетулерге бастамашы болды. Атап айтқанда, сот ай сайын тұрақты сомада, не болмаса бір мезгілде нақты ақшалай сома көлемінде өндіріп алынатын алименттердің мөлшерін айқындауға құқылы жағдайлардың тізбесі кеңейтілді. Енді мұндай жағдайларға тұрақты емес немесе өзгермелі табысы бар, сондай-ақ толық немесе ішінара заттай табыс алатын ата-аналардан алимент өндіріп алудан бөлек, өзін-өзі жұмыспен қамтығаны үшін арнаулы салық режимін пайдаланатын, арнаулы салық режимінде дара кәсіпкер болып табылатын, не болмаса Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге тұрақты тұруға кеткен жағдайлар да жатады, – деді Дмитрий Колода.
Талқылау барысында депутаттар балаға қаражаттың уақтылы аударылуын қамтамасыз етуге бағытталған түрлі модельдерді ұсынды. Атап айтқанда, ұзақ мерзім бойы төлемеген жағдайда балаларға төлемдерді уақытша өтеуге мүмкіндік беретін мемлекеттік алимент қорын құру, ал бұл қаражатты борышкерден кейін өндіріп алу туралы сөз болды. Сонымен қатар, ата-аналар арасында дау туындаған жағдайда алимент төлемдерінің жұмсалуына есеп беру тетігін енгізу мүмкіндігі талқыланды, бұл тәсіл қаражат баланың мүддесі үшін мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Шетелде сот актілерін тану және орындау рәсімдерін жеңілдетіп, халықаралық құқықтық ынтымақтастықты кеңейту арқылы алименттерді трансшекаралық өндіріп алуды күшейтуге ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ депутаттар берешек мәселесін жүйелі түрде шешу, баланың мүддесін қорғау мен ата-аналардың жеке өміріне шамадан тыс араласуға жол бермеудің арасында теңгерім сақтау қажеттігін атап өтті. Бұл шаралар нысаналы әрі негізделген сипатта болуы керектігі айтылды.
Отырыс қорытындысы бойынша берешекті өндіріп алудың жаңа тетіктерін пысықтау, құқықтық реттеуді одан әрі жетілдіру сынды алименттік міндеттемелерді орындау жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстар әзірленді.
Осы мәселеге қатысты талқылау заң жобасы бойынша Мәжілістегі жұмыс тобының отырыстарында барлық салалық мемлекеттік органдардың және сараптамалық қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен жалғасатын болады.