Ерлан Қарин: «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» заң қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған

Бүгін, 13:17
Думан Аманжол Думан Аманжол
Ерлан Қарин: «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» заң қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған
Фото: akorda.kz

Биылғы наурызда өткен референдумда қабылданған жаңа Конституцияға сәйкес, Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы, астананың мәртебесі, сондай-ақ Қазақстан Халық Кеңесін құру, оның құрамын қалыптастыру тәртібі, өкілеттіктері мен қызметін ұйымдастыру конституциялық заңдармен айқындалады. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Еплан Қариннің сөзінше, бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар бірінші оқылымда келесідей Конституциялық заң жобаларын қарады: 1. «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы»; 2. «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы»; 3. «Қазақстан Халық Кеңесі туралы». 

«Әкімшілік-аумақтық құрылыс және астананың мәртебесі туралы конституциялық заңдар мемлекеттің аумақтық ұйымдастырылуының орнықты құқықтық негізін қалыптастыруға, сондай-ақ мемлекеттік басқару органдары жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған.

«Қазақстан Халық Кеңесі туралы» конституциялық заңның ережелері мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының прогрессивті институционалдық моделін қалыптастыруға, қабылданатын шешімдердің сапасын арттыруға, қоғамдық келісімді нығайтуға және азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу тетіктерін дамытуға арналған. Бұл жаңа Конституцияның 4-бабындағы «халық – мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы» деген нормаға толық сәйкес келеді.

Осылайша, конституциялық реформаны іске асыру жұмысы жүйелі түрде жалғасуда», - деп атап өтті Мемлекеттік кеңесші.

Еске салсақ, Парламент «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.