Астанада ТРАСЕКА аясында Бірыңғай транзиттік рұқсат туралы келісімге қол қойылды

15 мамыр, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада ТРАСЕКА аясында Бірыңғай транзиттік рұқсат туралы келісімге қол қойылды
Фото: Көлік министрлігі

Бүгін Астанада ТРАСЕКА Үкіметаралық комиссиясының XVIII отырысы аясында Еуропа – Кавказ – Азия көлік дәлізіне қатысушы елдердің транзиттік әлеуетін дамыту және халықаралық автомобиль тасымалдарын жеңілдетуге бағытталған Бірыңғай транзиттік рұқсаты (БТР) туралы келісімге қол қойылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.  

Құжатқа Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Украина қол қойды. ТРАСЕКА-ға мүше өзге мемлекеттер келісімге кейіннен қосылу үшін қажетті ішкі мемлекеттік рәсімдерді жалғастыруда. 

«Келісім бірыңғай электрондық транзиттік рұқсатты енгізуді көздейді. Бұл автокөлік тасымалдаушыларына әрбір мемлекет бойынша жеке ұлттық транзиттік рұқсаттарды алмай-ақ, жүк тасымалын қатысушы елдердің аумағы арқылы жүзеге асыруға мүмкіндік береді. БТР тек электрондық форматта бірыңғай ақпараттық жүйе (веб-портал) арқылы рәсімделеді және оған бірегей сәйкестендіру нөмірі мен штрих-код беріледі. Бұл құжат әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге, шекарадан өту уақытын қысқартуға, тасымалдардың ашықтығын арттыруға және көлік-логистика саласын цифрландыруды дамытуға ықпал етеді», делінеді хабарламада.  

Келісім БТР-ды беру және пайдалану тәртібін реттейді, автокөлік тасымалдаушылары үшін бірыңғай талаптарды белгілейді, сондай-ақ қатысушы мемлекеттердің құзыретті органдарының цифрлық платформасы арқылы өзара іс-қимылын қарастырады.  

Келісімнің қабылдануы ТРАСЕКА халықаралық көлік дәлізін дамытудағы маңызды қадам болмақ. Бұл дәлізге 14 мемлекет кіреді және Еуропа мен Азия арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға, маршруттың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және транзиттік тасымал көлемін ұлғайтуға ықпал етеді. 

Келісім ішкі мемлекеттік рәсімдер аяқталып, қатысушы мемлекеттерден тиісті хабарламалар түскеннен кейін күшіне енеді.

Еске салсақ, Қазақстан ТРАСЕКА Үкіметаралық комиссиясына төрағалық етуді қабылдады.