Бибігүл Жексенбай: Астана – мемлекеттіліктің алтын діңгегі

Бүгін, 13:41
Думан Аманжол Думан Аманжол
Бибігүл Жексенбай: Астана – мемлекеттіліктің алтын діңгегі
Фото: ҚР Парламенті Сенаты

Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихында Астананың орны ерекше. Елорда – жай ғана әкімшілік орталық емес. Бұл – еліміздің жаңа дәуірінің символы, мемлекеттілігіміздің берік тірегі, ұлттық жаңғыруымыздың нақты көрінісі. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Депутаттың сөзінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Астана – еліміздің жүрегі әрі болашаққа бастайтын стратегиялық бағдарымыз». Сондықтан елорданың дамуы әрқашан мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі болып қала береді.

Сенатор атап өткендей, осы тұрғыдан алғанда, «Қазақстан Республикасының астанасының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасының қабылдануы (бірінші оқылымда – Ред.) – тарихи маңызы бар шешім.

«Бұл заң жобасы ең алдымен мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіруге, Астананың ерекше институционалдық рөлін нақты айқындауға және елорданың ұзақ мерзімді, орнықты дамуына құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталған. 

Астана – мемлекеттік басқарудың өзегі.  Заң жобасында Астананың Қазақстан Республикасының негізгі мемлекеттік институттары шоғырланған орталық ретіндегі мәртебесі нақты бекітіледі. Елордада Президент резиденциясы – Ақорда, Үкімет, Парламент, Жоғарғы Сот, Құрылтай және басқа да орталық мемлекеттік органдар орналасады. Бұл – мемлекетті басқарудың тиімділігі мен үйлесімділігін қамтамасыз ететін маңызды институционалдық модель.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қуатты мемлекеттердің барлығы өз астанасының стратегиялық рөлін ерекше құқықтық деңгейде айқындайды. Өйткені астана – мемлекеттік шешімдер қабылданатын ғана орын емес, ол елдің ішкі тұрақтылығы мен халықаралық беделінің көрінісі. 

Бірыңғай сәулеттік саясат – сапалы қалалық ортаның негізі болып табылады. Заң жобасының маңызды бағыттарының бірі – елорданың сәулеттік келбетін жүйелі қалыптастыру. Қазіргі урбанистикада қаланың сыртқы бейнесі тек эстетикалық мәселе емес. Бұл – тұрғындардың өмір сапасына, инвестициялық тартымдылыққа және қоғамдық мәдениетке әсер ететін маңызды фактор. 

Осыған байланысты заң жобасында Астананың бірыңғай дизайн-кодын енгізу қарастырылған. Ендігі жерде елордадағы барлық сәулет, қала құрылысы және құрылыс жұмыстары Бас жоспар мен мемлекеттік нормативтерге толық сәйкес жүргізілуі тиіс. Бұл қаланың архитектуралық тұтастығын сақтауға, ретсіз құрылысқа жол бермеуге, инфрақұрылымды жүйелі дамытуға, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді», - деді сенатор.

Бибігүл Жексенбай сонымен қатар, Архитектуралық-қала құрылысы кеңесін құру ұсынылғанын атап өтті. 

«Бұл кеңес - құрылыс жобаларын қарайды, урбанистикалық шешімдерге сараптама береді, қаланың сәулеттік келбетін сақтау бойынша ұсыныстар әзірлейді. Маңыздысы – кеңес жұмысына кәсіби сарапшылар мен қоғамдық ұйым өкілдерін тарту мүмкіндігі қарастырылған. Бұл шешімдердің ашықтығы мен сапасын арттырады.

Заң жобасында жер қатынастары мен коммуналдық меншікті басқару мәселелері де жаңа деңгейде қарастырылған.

Атап айтқанда, мемлекеттік қажеттілік үшін жер учаскелерін алып қою рәсімдерін жүйелеу көзделеді. 

Бұл бағыттағы жұмыстар меншік иелерін алдын ала хабардар ету, нарықтық бағалау жүргізу, өтемақы төлеу, келіссөздер ұйымдастыру,соттағы құқықтық сүйемелдеуді қамтиды. Мұндай тәсіл азаматтардың құқықтарын қорғауға және рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, коммуналдық меншіктің нақты құрамы айқындалып, қала активтерін басқарудың құқықтық негізі күшейтіледі.

Конституциялық заң жобасы Астанада жергілікті мемлекеттік басқарудың заманауи әрі кешенді моделін қалыптастыруға бағытталған. Мәслихат пен әкімдікке, көлік жүйесін дамыту. тұрғын үй саясатын жүргізу, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, қала маңы аймақтарын дамыту, экологиялық тепе-теңдікті сақтау бағытында кең өкілеттіктер беріледі.

Сонымен қатар интеллектуалды көлік жүйелерін енгізу, автотұрақтарды басқару, жол қозғалысын цифрландыру, санитарлық тазалық, орман-саябақ аймақтарын қорғау мәселелері де қамтылған. Бұл – тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз қала қалыптастырудың маңызды алғышарты», - деді ол.

Бибігүл Жексенбай бүгінде Астана – тәуелсіздіктің ең ірі жетістіктерінің бірі екенін атап өтті.

«Бұл – ұлттық рухтың, мемлекетшілдіктің және болашаққа деген сенімнің символы.

Сондықтан елорданың дамуы тек құрылыс немесе инфрақұрылым мәселесі емес. Бұл – елдің стратегиялық болашағына қатысты мәселе.

«Қазақстан Республикасының астанасының мәртебесі туралы» Конституциялық заң елорданың құқықтық тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, оның ұзақ мерзімді дамуына берік институционалдық негіз қалайды деп сенемін.

Ең бастысы – Астана тұрғындарға жайлы, қауіпсіз, жасыл әрі заманауи қала болуы тиіс.

Өйткені қуатты мемлекет ең алдымен өз астанасының сапасымен танылады», - деді Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай.