Түркі елдерінің президенттері Turkistan визит-орталығындағы жәдігерлермен танысты

15 мамыр, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
Түркі елдерінің президенттері Turkistan визит-орталығындағы жәдігерлермен танысты
Фото: Ақорда

Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшылары Turkistan визит-орталығының жұмысымен танысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің рухани мұрасымен танысты.

Мемлекеттер басшылары XIV-XV ғасырларға тиесілі cирек жәдігерлер көрмесін тамашалады. Ол Қожа Ахмет Ясауидің өмір жолы мен кесененің тарихынан сыр шертеді. Соның ішінде XIV ғасырдан бері сақталған қабірхананың ағаш есігі бар. Есік сүйекпен, қаңылтырмен және алтын жалатылған жазулармен безендірілген. Сондай-ақ куфа мен сулус үлгісіндегі араб мәтінімен өрнектелген.

Мәртебелі меймандарға Әмір Темірдің тапсырысымен жасалған қола шырағдандар, XV ғасырға тән аспалы қола кәндилдер мен айдаһар бейнесінде нақышталған қос құлақты шамдар көрсетілді.

Көрменің ерекше сәулеттік элементі – кесене күмбезінің ұшар басында орналасқан көне кубба (мыстан жасалған).

Залдағы аса құнды жәдігердің бірі – XVIII-XIX ғасырларға жататын Қожа Ахмет Ясауи құлпытасының қабіржапқышы. Оның бедерлі ою-өрнектері діни символизмді, геометриялық композицияны, каллиграфияны ұштастырады. Орталық Азиядағы ислам мәдениетінде қабіржапқыш рухани құрметтің белгісі саналады.

Еске салсақ, түркі елдерінің президенттері Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті.