Бибігүл Жексенбай: Жаңа Конституция жобасы – болашаққа бағытталған батыл қадам
Парламент Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай әлеуметтік желідегі парақшасында Жаңа Конституция жобасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Қазақстан жаңа тарихи межеге жақындап келеді. Ел тағдырына тікелей әсер ететін шешімдер кезеңінде біз Ата заң жобасына тек эмоциямен емес, саяси кемелдік пен азаматтық жауапкершілік тұрғысынан қарауға тиіспіз. Ұсынылып отырған жаңа Конституция жобасы – жай ғана құқықтық түзетулер жиынтығы емес. Бұл – мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа қоғамдық келісім, ел дамуының жаңа философиясы.
Ең алдымен, жобада Қазақстанның конституциялық негізін құрайтын басты құндылықтардың сақталғанын атап өткен жөн. Ел бірлігі мен қоғамдық келісім, зайырлы мемлекет қағидаты, тілдік паритет, кемсітушілікке жол бермеу – мұның барлығы ұлттық тұрақтылықтың өзегі болып қала береді. Бұл – реформалардың радикал емес, эволюциялық сипатта жүзеге асып жатқанын көрсететін маңызды белгі», - деді Бибігүл Жексенбай.
Сенатордың айтуынша, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған нормалар айтарлықтай кеңейтілген.
«Ұсынылған жоба мазмұны жағынан тек институционалдық емес, құндылықтық тұрғыдан да бай. Онда еңбекқорлық, білім мен прогресс, экологиялық мәдениет, тарихи-мәдени мұраны сақтау, ұлттық мәдениетті қолдау сияқты ұғымдар конституциялық деңгейге көтеріледі. Бұл – модернизацияны тек технологиялық немесе экономикалық үдеріс емес, ең алдымен рухани-адамгершілік жаңғыру ретінде түсінудің көрінісі.
Осы тұрғыда мемлекеттің деструктивті, бөтен идеологиялық ықпалдардан қоғамды қорғау функциясының күшейтілуі де орынды. Азаматтық еркіндік пен қоғамдық мүдденің арасындағы тепе-теңдік сақталады. Бұл – демократияны әлсірету емес, керісінше оны жауапты әрі орнықты етуге бағытталған қадам», - деді депутат.
Бибігүл Жексенбайдың сөзінше, маңызды жаңалықтардың бірі – халықаралық шарттардың ұлттық заңнамаға қатысты басымдығының енді абсолютті сипатта болмауы. Бұл норма Қазақстанның құқықтық егемендігін нығайтып, ұлттық мүддені қорғау құралдарын кеңейтеді. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, дәл осы тәсіл қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында мемлекеттердің құқықтық дербестігін сақтаудың маңызды тетігіне айналып отыр.
Жобаға енгізілген «неке – ер мен әйелдің тең әрі ерікті одағы» туралы норма да қоғамдағы кең қолдауға ие. Бұл – дәстүрлі отбасы институтын, ұрпақ сабақтастығын және әлеуметтік тұрақтылықты қорғауға бағытталған айқын әрі түсінікті конституциялық ұстаным.
«Мемлекеттік билік жүйесіне келсек, ұсынылған өзгерістер ел басқарудағы айқындық пен стратегиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Президенттің бір рет, жеті жылға сайлануы – биліктің мерзімдік жаңаруын және жеке тұлғаға тәуелділікті азайтады.
Президенттің вице-президентті, Үкімет басшысын және бірқатар жоғары лауазымды тұлғаларды тағайындау тәртібі күшейтіледі. Бұл шешімдер геосаяси сын-қатерлер жағдайында басқарудың жеделдігі мен бірізділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен бірге Құрылтайдың келісім беру тетігі сақталады, ал қайталанған саяси тығырық туындаған жағдайда Парламентті тарату механизмі енгізіледі. Бұл парламенттік популизм тәуекелдерін азайтып, саяси жауапкершілікті арттырады.
Бір палаталы жаңа Парламент – Құрылтайдың ұсынылған моделі де ерекше назар аударуға тұрарлық. Оның тек партиялық тізімдер арқылы қалыптасуы саяси партиялардың институционалдық рөлін күшейтеді, идеялық бәсекелестікті арттырады және заң шығару сапасын жақсартады.
Партиялық жүйенің дамуы – қоғамдағы пікір алуандығын заңды әрі тұрақты арнаға түсірудің тиімді жолы. Бұл Мемлекет басшысы ұсынған «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» формуласының жаңа мазмұнда іске асуына мүмкіндік береді», - деді сенатор.
Конституцияда көзделген Халық кеңесі институты – мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты институционалдық деңгейге көтеретін маңызды жаңалық. Ол этностардың, өңірлердің, әлеуметтік топтардың мүдделерін ескеруге мүмкіндік беріп, «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатын нақты мазмұнмен толықтырады.
«Ендігі жерде Конституцияға өзгерістер тек жалпыхалықтық референдум арқылы енгізіледі. Бұл норма Негізгі заңның орнықтылығын арттырып, оны саяси конъюнктура құралына айналдырудан қорғайды. Биліктің заңдылығы мен легитимдігі тікелей халық еркімен бекітіледі.
Жаңа Конституция жобасы – Қазақстанның болашағына бағытталған батыл әрі ойластырылған қадам. Онда адам құқығы мен бостандығы ең жоғары құндылық ретінде бекітіледі, ал білім, ғылым, инновация және адами капитал ел дамуының негізгі тірегіне айналады», - дейді Бибігүл Жексенбай.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасының толық мәтіні жарияланды.