Бектенов: Жаңа Конституция жобасы мемлекет пен бизнес арасында серіктестік орта қалыптастырады
Премьер-министр Олжас Бектенов «Атамекен» ҰКП алаңында мұнай-газ және энергетика саласы, тау-кен және металлургия өнеркәсібі, АӨК бизнес өкілдері, салалық қауымдастықтар мүшелері мен барлық өңір сарапшыларының қатысуымен кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Салық реформалары, бизнесті қолдау, ақпараттық жүйелерді цифрландыру сынды басқа да өзекті мәселелерге назар аударылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынды ашқан Премьер-министр кәсіпкерлікті дамыту Мемлекет басшысы айқындаған басым бағыттардың бірі екенін ерекше атап өтті. Бизнес – экономикалық реформалар жүргізуде басты серіктес, бұл жұмыста «Атамекен» ҰКП маңызды рөл атқарады.
«Біз бүгін сіздермен еліміз үшін өте маңызды, тарихи маңызы бар сәтте кездесіп отырмыз. Жарты жыл бойы қоғамда конституциялық реформаны белсенді талқылау жүріп жатыр. Ашық дискуссиялар болып жатыр. Азаматтардан мыңдаған ұсыныс келіп түсуде және олардың барлығы терең зерделеніп, ескеріліп жатыр. Бұл – еліміздегі демократиялық процестердің айқын дәлелі. Еліміздің жаңа Конституциясының жобасы халыққа ұсынылды, басты мақсат – егемендігімізді, Тәуелсіздікті нығайту. Барлығыңызды Президентімізді және жаңа Конституцияны қолдауға шақырамын. Сіздердің қарамақтарыңызда мыңдаған азамат жұмыс істейді. Олардың әрқайсысына реформа міндеттерін дұрыс жеткізу маңызды», - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Жаңа Конституция жобасында Мемлекет басшысының Заң және Тәртіп жаппай үстемдік құрған Әділетті Қазақстанды құру туралы бағдары кәсіпкерлер қауымына үлкен жауапкершілік жүктеп, адал еңбек, кәсіпке деген құрмет, елге жанашыр болу сияқты құндылықтардың маңызын арттыра түседі. Әділдік пен заңдылық қағидаттарын конституциялық деңгейде бекіту сенім мен ұзақмерзімді әріптестік орта қалыптастырады.
*****
Кеңес барысында Президенттің жаңа салық ережелерін біртіндеп енгізуге қатысты тапсырмасының орындалуына назар аударылды. Қатысушылар салық төлеушілер үшін өтпелі кезең мен салықтық әкімшілендіру мәселелерін талқылады.
Қазақстанда кәсіпкерлердің салықтық әкімшілендірудің жаңа шарттарына қолайлы көшуін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданды. Осылайша, Үкіметтің шешімімен шағын және микробизнес жекелеген жағдайды қоспағанда, 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін тексерулерден, камералдық бақылаудан және әкімшілік жауапкершіліктен босатылды. Биылғы 1 сәуірге дейін берешекті төлеу кезінде өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару ережесі қолданылады, қызметті жою және тоқтату рәсімдері қайта қаралды. 2026 жылдың соңына дейін шағын және микробизнес үшін өтпелі кезең енгізілді, қателер үшін өсімпұлдар мен айыппұлдар алынбайды.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бір мезгілде 250 мыңға дейін салық төлеушіге қызмет көрсету мүмкіндігі бар Жобалық кеңсенің жұмысы туралы баяндады. Жұмыс өтініштерді жедел қараумен «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша құрылған. Соңғы үш аптада сұраныстар ағынының 19,5 мыңнан 7,1 мыңға дейін төмендеуі байқалады, бұл техникалық процестердің тұрақтанғанын көрсетеді. «Халық бухгалтері» акциясына 17 мыңнан астам салық төлеуші қатысты. Сондай-ақ салық жүйесінде азаматтар мен бизнесті тіркеудің өсуі байқалғаны атап өтілді. Жылдың басынан бері 41,2 мыңнан астам адам қайтадан есепке алынды. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін жаңа режим бұрын есепке алынбаған 187,2 мыңнан астам адамды заңды ортаға шығарды.
Бизнесті қаржылық қолдау шаралары күшейтілуде. 2025 жылы қолданыстағы бағдарламалар шеңберінде жалпы құны 365 млрд теңге болатын 3,4 мыңға жуық ШОБ жобасы субсидияланды.
«Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылын нығайту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті. Мемлекет басшысы қойған міндеттер шеңберінде «Атамекен» ҰКП орта және ірі бизнес арасынан ішкі инвесторларды дамытуға назар аударады, кеңейтуге және жаңғыртуға дайын жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың инвестициялық жобаларының пулын қалыптастырумен айналысады.
«Атамекен» ҰКП басқарма мүшесі – басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов арнайы салық режимін қолдануға және денсаулық сақтау секторына салық салу тәсілдерін қайта қарауға байланысты мәселелерді шешу жолдарын ұсына отырып, жаңа Салық кодексінің ережелері бойынша бизнес-қоғамдастықтың ұстанымын айтты.
Сондай-ақ қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімін іске қосу барысы қаралды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев бүгінгі таңда жүйеге 5 608 компания авторизацияланғанын, 13 533 өтінім берілгенін баяндады. Басқарма мүшесі – «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Шоқанов өз кезегінде жаңа цифрлық жүйеге үздіксіз көшу үшін қолданыстағы индустриялық сертификаттардың 1 924 иесі автоматты түрде тізілімге көшірілгенін атап өтті. Оған күн сайын 100-ге тарта өндіруші кіреді.
Бизнес-қоғамдастық атынан «Алматы бояулары» ЖШС директоры Римма Салықова, «Қазэлектромаш» ЖШС директоры Виталий Распопин ұсыныстар мен сұрақтар қойды. Атап айтқанда, ШОБ-пен өзара іс-қимылды, мемлекеттік сатып алу практикасын және салалық талаптарды ескере отырып, салықтық әкімшілендірудің жекелеген аспектілерін реттеу қажеттілігі айтылды. Сондай-ақ кәсіпорындарды өндірістік цикл деңгейі мен ауқымы бойынша санаттарға бөлуді енгізу, мемлекеттік қолдау шаралары мен мемлекеттік тапсырысты локализациялау және инвестициялау деңгейіне байланыстыру, сондай-ақ Тізілімнен өнімдерді пайдалануды нақты әрі әділ цифрлық бақылауды қамтамасыз ету арқылы Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімін жетілдіруге қатысты одан әрі жұмыс бойынша ұсыныс айтылды.
Премьер-министр бизнестің айтылған бастамаларына пікір білдіріп, мемлекеттік органдарға «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп ұсыныстарды жан-жақты пысықтауды және нақты нәтижені қамтамасыз етуді тапсырды. Шешімдер тұрақты өсуді қолдау, нақты секторды нығайту, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту және жұмыс орындарын ашу бойынша оң экономикалық нәтиже беруі керектігі атап өтілді.