Астанада өзін байланыс операторы қызметкері ретінде таныстырған алаяқ 20 млн теңгені қолды етті

Астанада өзін байланыс операторы қызметкері ретінде таныстырған алаяқ 20 млн теңгені қолды етті
Фото: pexels.com

Алаяқтар өздерін ұлттық байланыс операторының қызметкері ретінде таныстырып, азаматтардың ақшасын жымқыруға көшкен. Астана қаласының «Сарайшық» ауданында осы схема бойынша аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық фактісі тіркелді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, биылғы наурыз айында белгісіз тұлға өзін ұлттық байланыс операторы компаниясының қызметкері ретінде таныстырып, жәбірленушіге қоңырау шалып, қосымша телеарналарды қосуға 30% жеңілдік бар екенін хабарлаған.

Телефон арқылы сөйлесу барысында алаяқ жәбірленушіні түрлі әрекетті орындауға көндіріп, оның ұялы телефонына қол жеткізген. Нәтижесінде жәбірленушінің ұялы телефоны уақытша бұғатталып, оның депозиттік шотынан 20 млн теңге көлеміндегі ақша қаражатын заңсыз иемденген.

Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігімен (алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Астана қаласының прокуратурасы азаматтарды сақ болуға, бейтаныс адамдардың телефон арқылы берген нұсқауларын орындамауға, сондай-ақ құпия кодтарды, банк карталарының деректерін және жеке мәліметтерді үшінші тұлғаларға бермеуге шақырады.

Бұған дейін интернет алаяқтардың «медицина қызметкерімін» деп қоңырау шалуға көшкенін жазған едік.