Интернет алаяқтар «медицина қызметкерімін» деп қоңырау шалуға көшкен
Бұл азаматтарды жаңылыстыру арқылы олардың жеке дерегі мен қаржылық сервисіне қол жеткізуге бағытталған кең таралған алаяқтық схемасына ұқсайды. Денсаулық сақтау министрлігі белгісіз адамдарға SMS кодты және жеке деректі бермеуге, сондай-ақ күмәнді сілтемеге өтпеуге шақырады, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәлімдеуінше, емханаға барғаннан кейін азаматтарға күмәнді қоңырау шалынатыны туралы ақпарат әлеуметтік желіде көп тарала бастаған.
«Осындай жағдайлар еліміздің түрлі өңірінде тіркелді. Алаяқтар азаматтарға, соның ішінде егде жастағы адамдардың сенімін пайдаланып, өзін «емхана немесе басқа мекеме қызметкері» ретінде таныстырады», делінген хабарламада.
Денсаулық сақтау министрлігі сақтық шарасын ұстануға шақырады:
- SMS кодты және жеке деректі үшінші тұлғаларға бермеу;
- телефон арқылы алынған ақпараттың шынайылығын тексеру;
- осындай күмәнді қоңырау шалынған жағдайда өз медициналық ұйымына немесе құқық қорғау органына жүгіну.
Азаматтар медициналық мекемеге тіркелу мәртебесін eGov.kz немесе eGov Mobile порталы немесе Damumed қосымшасы арқылы тексеруі қажет. SMS кодтар пациенттерге тек цифрлық сервистерде авторизациядан өту үшін ғана жіберіледі. Медициналық ұйым қызметкері телефон арқылы SMS кодты сұрамайды.
«Қазіргі уақытта пациенттердің қабылдауға барғанын бақылауға мүмкіндік беретін жүйелердің бұзылуы немесе рұқсатсыз қол жеткізу фактісі тіркелмеген. Азаматтардың жеке деректерінің таралуы жөнінде өтініш түскен жағдайда уәкілетті мемлекеттік органдар тексеру жүргізеді», делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, 5 мыңнан астам шетелдіктің Қазақстанда болуын заңдастыруға көмектескен топ мүшелері ұсталды.