Астанада есік жеткізіп беремін деп ақша алған әйел ұсталды
Елорданың Сарыарқа аудандық криминалдық полициясы «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында алаяқтықпен айналысқан 36 жастағы әйелді қолға түсірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Тергеу мәліметінше, күдікті қаладағы құрылыс материалдары сатылатын базарда сатушы болып жұмыс істеген. Ол тұрғындарға бөлмеаралық есіктерді арзан бағамен жеткізіп беретінін айтып, олардың сеніміне кірген.
Белгілі болғандай, дүкенге келген бірнеше клиенттің бірінен алған ақшаны өз қажетіне жұмсап, уәде етілген тауарды бермей отырған.
Қазіргі уақытта оның кемінде үш алаяқтық дерегіне қатысы бары анықталды. Жәбірленушілердің біріне келтірілген шығын көлемі 100 мың теңгені құрады.
Қазір күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.
Астана қалалық полиция департаменті азаматтарға тауарды тек ресми сауда орындарынан сатып алуды және бейтаныс адамдарға алдын ала ақша аудармау керектігін ескертті.
Еске салсақ, асыл тұқымды малға берілген 20 млн теңгені жымқырған шаруашылық жетекшісі сотталған болатын.