Асыл тұқымды малға берілген 20 млн теңгені жымқырған шаруашылық жетекшісі сотталды
Арыс ауданының прокуратурасы агроөнеркәсіп саласында бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқыру дерегін анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Прокуратура мәліметінше, 2021 жылдың сәуір айында ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрайымы ақпараттық жүйеге жалған мәлімет енгізген. Онда кооператив атынан 2 470 бас аналық ірі қара мал мен селекциялық жұмыстар жүргізуге 120 бас асыл тұқымды бұқаны жалға алғанын көрсеткен.
Осыған кооперативтің есепшотына мемлекет тарапынан 24,7 млн көлемінде қаржылай субсидия аударылған.
Тексеру барысында селекциялық жұмыс іс жүзінде тек 18 бас асыл тұқымды бұқа мен 450 бас аналық ірі қара малға ғана жүргізілгені анықталды. 20 200 000 теңге субсидия заңсыз алынған.
«Аталған факті Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (аса ірі мөлшерде алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. 20 ақпандағы сот үкімімен кооператив төрайымы кінәлі деп танылып, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар 5 жыл бойы коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымды атқару құқығынан айырылды», делінген хабарламада.
Заңсыз алынған қаражат толық көлемде өндіріліп, мемлекет кірісіне қайтарылды.
Еске салсақ, Ақмолада сүт өніміне арналған 152 млн теңге субсидия жымқырылған болатын.