Ұстаздар күніне орай «Әділет» партиясы Астана қалалық филиалының өкілдері елордадағы №114 мектеп-лицейінің ұстаздар қауымымен жүздесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Кездесуге «Әділет» партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы Мағжан Қыстаубаев қатысты.
Іс-шара барысында Мағжан Геройханұлы білім саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, шәкірт тәрбиесіне сіңірген еңбегі үшін бірқатар ұстазға Алғыс хаттар табыстады.



Ол мұғалім еңбегінің ұрпақ тәрбиесі мен елдің зияткерлік әлеуетін қалыптастырудағы маңызын атап өтті.
«Білім мен тәрбиені қатар алып жүрген ұстаздардың еңбегі қоғам негіздерінің бірі. Осы орайда мұғалім мәртебесін арттыру, олардың еңбегін бағалау және кәсіби қызметіне қолдау көрсету – ортақ міндет. Ұстаз – ұрпаққа білім беріп қана қоймай, оның бойына адамгершілік құндылықтарды сіңіретін маман. Әрбір шәкірттің жетістігінің артында мұғалімнің маңдай тері, ізденісі мен үлкен еңбегі жатыр. Сондықтан ұстазға көрсетілген құрмет – білімге, болашаққа және қоғамның дамуына көрсетілген құрмет», - деді Мағжан Геройханұлы.
Жиынға 100-ден аса мұғалім қатысып партия өкілдеріне алғыстарын білдірді.