Абайдың 150 жылдығында қазақ күресінен жеңімпаз атанған балуан қазір немен айналысады
1995 жылы Абайдың 150 жылдығында қазақ күресінен (70 келі салмақ дәрежесі бойынша) жеңімпаз атанып, бозкілемде жасындай жарқылдаған балуан Асқар Жақытов қазір қайда, немен айналысады? Elordainfo.kz тілшісі 30 жыл бұрын талай байрақты бәсекеде топ жарған спортшымен сұхбат құрды.

– Асқар Маратұлы, жақында әлеуметтік желіде Абайдың 150 жылдық тойындағы сіздердің күрестеріңіз таспаланған тарихи кадрлар пайда болды. Сіз Абай тойынан кейін спорт саласынан алыстап кеткен сияқтысыз. Жалпы, спорттағы мансабыңыз туралы айтыңызшы. Қазір немен айналысып жүрсіз?
– Иә, 28 жылдан бері басқа саладамын. Жалпы бірнеше рет қазақ күресінен және самбодан Қазақстан чемпионы атандым. 1993 жылы Ресейдің Омбы қаласында ересектер арасындағы самбодан әлем чемпионатында 74 келі салмақ дәрежесі бойынша қола медаль еншіледім. Сол жерде Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атандым.
1992 жылы Ресейдің Владивосток қаласында өткен Азия біріншілігінде ересектер арасында 3-орын алдым. 1993 жылы Моңғолияның астанасы Ұланбатыр қаласында да ересектер арасындағы самбодан Азия біріншілігінде 3-орын алдым. КСРО, Қазақ КСР спорт шебері атандым.

Абай тойынан кейін қазақ күресінен, самбодан 3-4 жылдай жаттықтырушы болып істедім. Шәкірттерім жасөспірімдер болды. Аз ғана уақыт болғандықтан, шәкірттерімді жетістікке жеткізіп үлгермедім. 1998 жылы қаржы полициясына жұмысқа тұрдым да, спорттан алыстап кеттім.
Жалпы, Абайдың 150 жылдық тойынан кейін 2 жыл бойы күресіп жүрдім. 1996 жылы Алматы облысы Ұзынағаш ауылында Жамбыл Жабаевтың 150 жылдығына арналған балуандар белдесуінде түйе палуандыққа күресіп, 3-орынды иелендім.

1997 жылы самбодан жастар арасында әлем чемпионаты өтті. Артынша Ақтөбеде қазақ күресінен әлем біріншілігі өтті. Сол жарыста 3-орынға ие болдым. Ақтөбелік марқұм (130 келілік) Жарбол деген балуаннан ұтылып қалдым. Егер оны жеңгенімде финалда өзбек балуанымен белдесетін едім.
– Абайдың 150 жылдығы таспаланған бейнежазбадан даңқты балуан Дәулет Тұрлыхановтың өз қолымен сізге автокөліктің кілтін табыстағанын көрдік. Сол көлігіңізді неше жыл жүргіздіңіз?
– Оңтүстік Кореяда жасалған автокөлік. Құтты көлік болды. Оны Дәулет Тұрлыханов өз қаражатына сатып алып, біздің салмақ дәрежесіндегі жарысқа тіккен болатын. Сол көлікті 10 жыл жүргіздім. Содан қаржы полициясында істеп жүргенімде бір әріптесіме саттым. Одан кейін ол біраз жүргізген соң тағы бір әріптесімізге сатты. Әрі қарай ол көліктің жағдайы не болғанынан хабарым жоқ.
– Дәулет Тұрлыхановпен Абайдың 150 жылдығынан кейін араласып тұрдыңыздар ма? Сізді спорт саласына шақырмады ма?
– Абайдың 150 жылдығынан кейін Дәулет Тұрлыхановпен «Қазақстан барысы» сияқты турнирлерде бірер мәрте жолығып қалғанымыз болмаса, жақын араласқан жоқпыз.
Жалпы, Дәулет Тұрлыхановпен Абай тойына дейін таныс болғанбыз. 1986 жылы 2 курста оқып жүргенімде мені әскерге жіберді. Спорттағы жетістігіме әкем Марат Жақытовтың көп ықпалы тиді. Ол кезде әкемнің шәкірттері КСРО құрамасының мүшесі болып, одақтас республикалардағы бапкерлермен аралас-құралас болды. Сол кездегі КСРО-ның ЦСКА спорттық қауымдастығының спорт бойынша бастығы полковник Козицкийдің келісімімен Мәскеудегі Армияның орталық спорт клубында (ЦСКА-да) екі жыл әскери борышымды өтедім. Дәулет Тұрлыхановпен сол жерде танысқанмын. Ол «СК-Алматыда» жаттығатын. Одақтас республикалардағы СК-лар Мәскеудегі ЦСКА құрамында болғандықтан, құрамадағы барлық спортшы сонда жиналатын. Сол кезде Дәулет ағамыз КСРО-ның біріншілігіне дайындалып жүрді. КСРО біріншілігінде жеңіске жеткен соң Сеул олимпиадасына жолдама алды. Ал оның олимпиадада күміс жүлдегер атанғанын көпшілік жақсы біледі.
– Әкеңіз әрі жаттықтырушыңыз Марат Нұрмұханбетұлы Жамбыл өңірінен талай мықты балуанды тәрбиелеп шығарған екен. Сіздің спортқа әуес болуыңызға әкеңіз әсер етті ме?
– Иә, әкем әлі де жұмыс істейді. Жамбыл облысындағы ұлттық спорт мектебінде қазақ күресінен бапкер. КСРО-ның және Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Көптеген шәкірті Қазақстан чемпионаттарының, әлем біріншілігінің, Азия чемпионатының, әлем кубогының, Еуропа чемпионаттарының жеңімпазы атанды.


Бүгінде әкем 82-ге, анам 79-ға аяқ басты. Әкем Абай облысы Аягөз ауданының, анам Ақтөбе облысының тумасы. 1968 жылы Алматы қаласында дүниеге келдім. Ол кезде ата-анам студент болған, әкем ауылшаруашылығы институтында, анам қыздар педагогикалық институтында оқыған.
1971 жылы ата-анам Тараз қаласына көшіп келді. Содан бері Тараз қаласында тұрамыз.
1971 жылы Таразда самбо күресі болмаған. Сол кездегі спорт басқармасы басшысының тапсырмасымен әкем самбо күресінен шәкірт тәрбиелеуді бастады. 2-3 жылдан кейін шәкірттері жетістікке жете бастады. Қазақстан чемпиондары шықты. Араға тағы бірер жыл салып, Одақтың біріншілігін жеңгендер болды. Осылайша, Жамбыл жерінде самбодан жоғары көрсеткішке ие болған спортшылар шықты.

Спорттағы жетістіктеріме әкемнің ықпалы көп болды. Одан кейін институт пен әскер де спортшы болуыма оң әсер етті. 1985 жылы мектеп бітірген соң Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтына оқуға түстім. Оқу орны техникалық бағыт болса да, сол кездегі институт ректоры марқұм Марс Фазылұлы Үркімбаев спортқа қатты көңіл бөлетін еді. Боксшылар, балуандар, футболшылар және басқа да көптеген спорт түрінен спортшылар оқыды. Институттың өзінің командасы болды. Осы оқу орнынан Серік Қонақбаев, Алмас Мұсабеков, ағайынды Қанат пен Талғат Байшолақовтар сияқты бірқатар спорт жұлдызы шыққан.
Жоғарыда айтқанымдай, Мәскеуде сол кездегі спорт ұйымдары арасындағы ең абыройлысы болған ЦСКА-да әскери борышымды өтегенде сонда атақты спорт жұлдыздарымен жақын араластым. Мысалы, хоккейшілер үш дүркін олимпиада чемпионы Владислав Третьяк, екі дүркін олимпиада чемпионы Борис Михайлов, екі дүркін олимпиада чемпионы, 9 дүркін әлем чемпионы Владимир Петров, олардың атақты бапкері Вячеслав Тихонов, ЦСКА-ның және КСРО-ның хоккейден бас бапкері болған Анатолий Тарасовты көрдім. КСРО хоккейшілері арасында алғаш болып Америкаға кетіп, АҚШ-тың ұлттық хоккей лигасында ойнаған спорт жұлдызы Александр Могильныйды да көрген едім. Ол мен армиядан қайтар кезде келді. Вячеслав Фетисовты көрдім. Грек-рим күресінен КСРО спорт шебері, олимпиада чемпионы Михаил Мамиашвилиді көрдім. Бәріміз бір спорт залында жаттығу жасадық. Олар грек-римнен, біз самбодан.
Полковник Козицкийдің ұлы Михаил Козицкиймен әскерге бір уақытта келіп, бір уақытта кеттік, бірге жаттықтық. Михаил қазір АҚШ-та тұрады. Сол жақта самбо федерациясын ашып, әлі күнге дейін шәкірт тәрбиелеп жүр. ТМД елдеріндегі жарыстарға бапкер ретінде үнемі келіп, шәкірттерін қатыстырады. Михаилмен әлі де байланыстамыз, уатсап арқылы хат-хабар алысып отырамыз.
Институт бітірген соң 1992-1998 жылдар аралығында дзюдо мен самбодан жаттықтырушы болып жұмыс істедім. 1998 жылы Салық полициясына жұмысқа кірдім, ол кейін Қаржы полициясы болып өзгертілді. Бұл жерде 2014 жылға дейін қызмет атқардым. 2014 жылы Қаржы полициясы жабылып, орнына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ашылды. Осы агенттіктің Жамбыл облысындағы департаментінде 2018 жылға дейін еңбек еттім. Онда жедел қызметкер, бір-екі рет қысқа мерзімге басшы орынбасары болдым. 2018 жылы полковник шенімен зейнетке шықтым. 2019 жылдан бүгінге дейін «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамында бас менеджер болып жұмыс істеп келемін. Жолаушылар пойызын тексереміз.

Қаржы полициясында жұмыс істеп жүргенде «Құқық тәртібіне үлес қосқаны үшін» төс белгісімен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне 10 жыл мерекелік медалімен марапатталдым.

– Абайдың 180 жылдығына қонақ ретінде бардыңыз ба?
– Қазіргі таңда «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамында ревизор болып жұмыс істеймін. Түрлі бағыт бойынша жолаушылар пойызын тексереміз. Жұмыста болғандықтан, Абайдың 180 жылдығына бара алмадым.
– Атасының, әкесінің жолын қуып, спортта жүрген балаларыңыз бар ма?
– Бір қызым бар, жасы 29-да. Тұрмыста. Бүгінде екі жиен немерем бар. Қызым бұрын боксқа қатысты. Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы жарыста жүлдегер атанды. Сербиядағы халықаралық турнирге барып, 2-орынға ие болды. Кейіннен боксты қойып кетті.
– Қазіргі таңда спорт залға жиі барып тұрасыз ба?
– Шынымды айтсам, спорт залға барып жүрген жоқпын. Қазіргі жұмысымнан көп қол тие бермейді. Іссапарда көп жүремін. Үйге екі-үш күнге келгенде күйбің тіршіліктен аса алмай қаламын. Сондықтан спорт залға баруға уақытым болмайды.
– Сұхбатыңызға рақмет!