Зиянкестердің таралу алаңдарын зерттеу үшін дрондар мен жасанды интеллект технологиялары пайдаланылады


2025 жылы Қазақстанда 2,1 млн гектар алаңда үйірлі шегіртке тектес зиянкестердің таралуы болжануда, деп хабарлады Elordainfo.kz Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 млн гектарға аз. Зиянкестермен күреске республикалық бюджеттен 7,1 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы ОКҚ алаңында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы хабарлады.
Оның айтуынша, зерттеу іс-шараларына 4625 адам тартылады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артық.
«Жалпы үйірлі шегірткелерге қарсы күрес жұмыстарына 443 бірлік арнайы бүркігіш техника қолданылады, оның ішінде, 239 жер үсті желдеткіш, 100 жуық газ генераторы, 30 астам аса жеңіл авиация кемелері, 24 ұшақ, 46 астам дрон бар», – деді спикер баспасөз конференциясы барысында.
Барлық өңірлерде шегірткеге қарсы күрес жұмыстарын үйлестіріп, ұйымдастыру бойынша жедел штабтар құрылды.
Сонымен қатар, өткен жылы Түркістан облысында пилоттық жоба аясында шегіртке тектес зиянкестерге қарсы күресу іс-шараларға пилотсыз авиациялық жүйелері қолданылды. Пилоттық жоба қорытындысы бойынша дрондар өздерінің жоғары тиімділігін көрсетті.
«Осыған байланысты ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін агродрондар мен бүрку техникасын сатып алуды жеңілдету мақсатында инвестициялық субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізілді – сатып алынған техниканың 25%-ын өтеу қарастырылған», – деді спикер.
Бұдан басқа, мониторинг жүргізуге және өңдеуге арналған 53 дрон сатып алынды. Шегіртке зиянкестерге қарсы мониторинг және өңдеу бойынша бизнес-процестерді автоматтандыру және бақылау мақсатында бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйе енгізілмек. Сондай-ақ зерттеушілердің жұмысын оңтайландыру үшін дрондар мен жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, шегіртке тектес зиянкестердің таралу алаңдарын зерттеу бойынша геоақпараттық жүйе әзірленіп жатыр. Жасанды интеллект технологияларын енгізу арқылы болжам жасау жұмыстарын оңтайландыру оны жаңа деңгейге шығару көзделген.