Қорғаныс министрлігі жасанды интеллектті енгізу жөніндегі мамандандырылған бөлімше құрды

Бүгін, 12:53
Айман Нығмет Айман Нығмет
views34
Қорғаныс министрлігі жасанды интеллектті енгізу жөніндегі мамандандырылған бөлімше құрды
фото: Қорғаныс министрлігі

Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде және басқару тиімділігін арттыру, процестерді оңтайландыру, сондай-ақ қорғаныс әлеуетін күшейту мақсатында Қорғаныс министрлігінде жасанды интеллект технологияларын енгізу мен дамытуға жауапты мамандандырылған бөлімше құрылды, деп хабарлады Elordainfo.kz министрлікке сілтеме жасап.

Жаңа құрылым Қарулы күштердің цифрлық трансформациясының негізгі элементі болмақ.

Бөлімшенің негізгі міндеті – деректердің үлкен массивтерін талдау, басқаруды автоматтандыру, жедел сценарийлерді модельдеу және қазіргі әскери жағдайда басқару шешімдерін қабылдау жылдамдығын арттыру үшін жасанды интелект шешімдерін әзірлеу және енгізу.

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов жасанды интеллект технологияларын армия қызметіне интеграциялау жаңғырту жолындағы маңызды қадам болып табылатынын және қорғаныс саласындағы әлемдік үрдістерге сәйкес келетінін атап өтті.

«Бөлімше отандық және халықаралық ғылыми-зерттеу орталықтарымен, жетекші университеттермен және бейінді IT-компаниялармен өзара іс-қимыл жасайтын болады. Бұл тәсіл қорғаныс саласына озық әзірлемелерді енгізіп қана қоймай, жасанды интеллектті әскери қолданудың ұлттық мектебін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жасанды интеллектті енгізу жөніндегі бөлімшені құру кадрлық әлеуетті дамытуға бағытталған»,- делінген хабарламада.

Осыған сәйкес, қазіргі заманғы алгоритмдермен және жүйелермен жұмыс істеуге қабілетті офицер-талдаушылар мен цифрлық технологиялар саласындағы мамандарды даярлау жоспарланып отыр.

Осылайша, Қорғаныс министрлігі жасанды интеллект ұлттық қорғаныстың тиімділігін, қауіпсіздігін және тәуелсіздігін арттыру құралы болатын жаңа басқару архитектурасын қалыптастыруға стратегиялық қадам жасайды.