Ерсайын Нағаспаев: Құрылыс құжаттарына сәйкес келмейтін нысандарды салуға рұқсат берілмейді

Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Парламент Мәжілісінің Пленарлық отырысында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, қала құрылысын жоспарлауда құжаттардың нақты иерархиясы қалыптасқан.
Оларға елдің аумақтық дамуының Бас схемасы; өңірлердің аумақтық жобалау схемалары; қалалардың Бас жоспары және нақты жобалау жоспарлары (ПДП) кіреді.
«Бұрын тек қаланың Бас жоспары ғана міндетті сараптамадан өтетін. Ал нақты жоспарлар жергілікті деңгейде әкімнің шешімімен бекітіліп, тексеріссіз қабылданатын.
Соның салдарынан құрылыс нормалары жиі бұзылып, ретсіз және заңсыз нысандар бой көтерген жағдайлар болды.
Осы олқылықты жою үшін 2024 жылдан бастап барлық әзірленіп жатқан немесе түзетілетін қала құрылыс жобалары, оның ішінде нақты жобалау жоспарлары арнайы сараптамадан өтеді.
Аталған шара сапасыз әрі заңға қайшы жобаларды уақытылы анықтауға, жобалау қателері мен жемқорлықты болдырмауға және құжаттардың ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Яғни, бұдан былай, құрылыс құжаттарына сәйкес келмейтін нысандарды жобалау мен салуға рұқсат берілмейді», - деді ол.
Сонымен қатар қабылданған шаралар бірыңғай цифрлық қала құрылысы жүйесін қалыптастыруға бағытталған.
Кодекс аясында құрылыс жобаларының орындалуын қосымша бақылау үшін Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін (АИС ГГК) енгізу көзделіп отыр.



