Құрылыс кодексінің жобасы саланың тұрақты дамуына негіз болады - министр

Парламент Мәжілісінің Пленарлық отырысында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Құрылыс кодексін қабылдаудың маңыздылығы туралы айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Құрылыс саласы - еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін экономиканың негізгі бағыттарының бірі. Ол жалпы ішкі өнімнің алты пайызын құрап, өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуда шешуші рөл атқарады. Соңғы он бес жылда сала орта есеппен жылына жеті пайыз өсім көрсетіп, тұрақты даму қарқынын сақтауда.
Бұл өз кезегінде жаңа талаптар мен заманауи тәсілдерді енгізуді қажет етеді.
Ширек ғасыр бойы қолданыста жүрген заңнама 130 астам рет өзгертілді. Соның салдарынан құқұқтық реттеудің бірізділігі төмендеді.
Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жаңа Құрылыс кодексін қабылдау бұл – уақыт талабы.
Құрылыс кодексінің жобасы заман талабына сай әзірленіп, саланың тұрақты дамуына негіз болмақ», - деді министр.



