00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Астанада қоян-қолтық ұрыстан әлем кубогы мәресіне жетті

22 қараша, 2024
Қанат Байұзақов Қанат Байұзақов
Астанада қоян-қолтық ұрыстан әлем кубогы мәресіне жетті
Фото: Қанат Байұзақов

21-22 қараша күндері елімізде алғаш рет қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің жүлделері үшін өткен әлем кубогы финалы ресми түрде аяқталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында ұйымдастырылған халықаралық жарысқа әлемнің 15 елінен 200-ге жуық спортшы жиналды. Олардың арасында әлем және Еуропа чемпиондары да болды.

Әлем біріншілігінің жабылу салтанатына Қорғаныс министрлігінің басшылығы, спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосынов, әділет министрі Азамат Есқараев, төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали, Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, көрнекті спортшылар мен Қарулы күштердің ардагерлері қатысты.  

«Жеңіске деген ерік-жігердің, қоян-қолтық ұрыс техникасын шебер білудің арқасында жерлестеріміз әлемнің ең мықты спортшысы ретінде танылып, жоғары марапатқа ие болды. Әйелдер арасындағы жекпе-жектер ерекше таң қалдырды. Жарысқа қатысушылардың бәрінің алда алатын талай асулары бар екеніне сенімдімін», – деді Қазақстан қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов.

Жекпе-жектер ерлер арасында он салмақ және әйелдер арасында жеті салмақ дәрежесінде ұйымдастырылды. 

Жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте Өзбекстаннан келген жауынгерлер алтын олжалады. Қазақстан командасы күміс жүлде, Беларусь командасы қола жүлде еншіледі.  

Турнирдің чемпиондары мен жүлдегерлері Қазақстан қорғаныс министрінің кубоктары және сыйлықтармен марапатталды.