00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Қоғам арасында қызу талқыға түскен түрлі түйткілдің түйіні тарқатылды

Қоғам арасында қызу талқыға түскен түрлі түйткілдің түйіні тарқатылды
Фото: Дәулет Кәрібек Facebook

Ұлт газеті «Ana tili» барша жұрттың назарын өзіне қаратқаны сөзсіз. Беделді басылым бетінде Мемлекет басшысының көлемді сұхбаты жарық көрді. Жыл басын жол нұсқау болатын осындай сұхбаттан бастау игі дәстүрге айналып келеді. Amanat партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек Президент сұхбатына орай осындай пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Салымды сөз барысында ел Президенті еліміздің кешесі мен бүгінін, бүгіні мен ертеңін айқындап, нақты бағдарлар берген. Қоғам арасында қызу талқыға түскен түрлі түйткілдің түйінін тарқатқан.

Мемлекет басшысы еліміздің сыртқы саясаты туралы толық тарқатып, баяндады. Оның түпкі мәні, негізгі мақсаты – елдің береке-бірлігін, дербестігін сақтау, әрі экономикамызға көлемді инвестиция тарту арқылы азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Президентіміз мұны тасқа таңба салғандай ашық түсіндіріп берді.

Бұған қоса Мемлекет басшысы отандық бизнестің, жаңа технологиялардың дамуы, жастарымыздың жасампаз рухы, еріктілердің отаншылдығы, қазақ тілінің қоғамдағы рөлі туралы тұшымды дүниелерді тілге тиек етеді.

Сондай-ақ сұхбат барысында қоғамда қызу талқыланып жатқан уақыт белдеуіне, Президенттің кезектен тыс сайлауына, Талғардағы қайғылы оқиға, Қаңтар оқиғасына, жемқорлық мәселесіне, алып державалармен арадағы қатынасқа, елдегі негізгі идеологиялық платформаларға, олардың негізгі мазмұнына, Қазақстанның орта держава ретіндегі рөліне қатысты сұрақтардың барлығына ашық жауап берілген.

Мемлекет басшысы еліміздің алдағы жоспарына, оны орындаудың алғышарттарына қатысты пікірін де бөліскен. Бұл - мемлекеттік органдар үшін ғана емес, тұтас қоғам үшін аса маңызды дүние. Себебі Қуатты, Әділетті әрі Қауіпсіз Қазақстанды құру – баршамызға ортақ міндет. Осы жолда жұрт болып жұмылудың, балталаса да бұзылмас бірлікте болудың, ырысты ынтымақта тұтасудың маңызы айрықша.

Президент атап өткендей, еліміздің дамуына қатысты ауқымды жоспарлар бар. Amanat партиясы бұл жоспарлардың алдыңғы қатарында болуға және олардың жүзеге асырылуына белсенді атсалысуға дайын.

Сөз соңында Президент неліктен сұхбатты басылым бетінде беруді жөн көретіні жөнінде де пайымдаған. Меніңше, оның бір мақсаты орындалды. Себебі елдің ертеңі туралы ойланатын отаншыл азаматтардың барлығы бүгін газетті ерекше ынтамен оқыды деп сенемін. Ал елімізде мұндай азаматтар өте көп. Сондықтан ұлттық баспаның бойына қан тарады деп сеніммен айта аламыз!», - деп жазды ол.