Дархан Қыдырәлі: “Қазақ тілі татулықтың, бірігудің тілі болуы тиіс”


Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі Мемлекет басшысы төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында көтерілген тіл мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оның сөзінше, тіл ұлттың бойтұмары, "иммунитеті" болып табылады.
Сонымен қатар сенатор қазақ тілі бүгін этносаралық, халықаралық тілге айналғанын атап өтті.
“Әрбір ұлттың өзін-өзі қорғайтын бойтұмары, ішкі иммунитеті болады. Мағжан ақын айтқандай, “ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың бәрі тағдыр талқысына түскенде, алтын күннің бағасыз бір белгісіндей ұлтымыздың бойтұмары боп баба тіліміздің” қалғаны белгілі.
Сондықтан өткен ғасырдың алпысыншы жылдары халқымыздың саны отыз пайыздан да төмен түсіп кеткенде ұлттың өзін-өзі сақтау механизмі іске қосылып, ақын-жазушыларымыз бастап, бүкіл ел болып тілді қорғау майданына жұмылды. Өйкені “сөзі өлген жұрттың өзі де өлетін еді”.
Тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдары үлкен серпіліс болғанымен, бұл қорқыныш басыла қоймады. Бір жағынан қазақтың саны әлі қырық пайызға жетпеген болса, екіншіден “үрей ішке түсіп кеткен еді”.
Біздіңше, қазақтың саны жетпіс пайыздан асқан, өзге түркі тілді бауырлас этностарды қосқанда сексен пайызға жақындаған осы тұста бұл парадигманы өзгерту қажет сияқты. Қазір Мемлекет басшысы айтқандай, қазақ тілі - тұтас елді біріктіретін этносаралық, халықаралық тілге айналып келеді. Күні кеше Ассамблеяда Алла Гавринаның осындай ұсыныс айтып, оны Президенттің ашық қолдауы соның айғағы іспетті. Өйткені демография да, уақыт та, білім мен мәдениет те біздің тілімізге жұмыс істеуде.
Сондықтан ол таласудың емес жарасудың, қатулықтың емес, татулықтың, кірігу мен бірігудің, жауапкершіліктің тілі болуы тиіс. Бұл ретте “үлкен істі үндемей атқарған” да абзал.
Кешегі Президенттің сөзінен осындай ой түйдім…”, - деп жазды Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі.



