Борышкердің елден шығуына көмектескен сот орындаушысына қатысты тергеу басталды

Бүгін, 21:01
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
views50
Борышкердің елден шығуына көмектескен сот орындаушысына қатысты тергеу басталды
фото: Оңалхан Өнерхан

Жетісу облысының прокуратурасы жеке сот орындаушысына қатысты лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 362-бабына сай сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастағанын мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Алимент төлемеген борышкерге шетел асып шығуға шектеу қойылған. Бірнеше жылдан кейін сот орындаушысы атқарушылық құжатты жеке сот орындаушысына береді. Ал ол болса, борышкердің елден шығуына қойылған шектеуді алып тастап, борышкер Корея Республикасына ұшып кеткен. Қазіргі уақытта сол жақта жүр.

«Қарсы прокурорлық тексеру кезінде өндіріп алушы атқарушылық іс жүргізуді қайтару және борышкердің шығуына қойылған шектеуді алып тастау туралы өтініштермен сот орындаушысына жүгінбегенін, өтініштегі қолжазба оған тиесілі емес екенін көрсетті. Оның үстіне ол Қазақстан Республикасынан тыс жерде болғандықтан өтініш бере алмайтын болған. Борышкердің алимент бойынша берешегі өтелмеді», – делінген хабарламада.

Облыс прокуратурасы сот орындаушысына қатысты лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 362-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.