Мектеп оқулықтарының жобалары қоғамдық талқылауға шығарылды

Бүгін, 09:45
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
views57
Мектеп оқулықтарының жобалары қоғамдық талқылауға шығарылды
фото: Оңалхан Өнерхан

2026-2027 оқу жылында енгізілетін мектеп оқулықтарының жобалары Білім беру мазмұнын сараптау орталығының сайтында қоғамдық талқылауға шығарылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Қазақстан Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқулықтарды талқылау «Оқу әдебиеттерін қоғамдық талқылау» бөлімінде мына пәндер бойынша жүргізіледі:

4 сыныптарға арналған: «Қазақ тілі», «Орыс тілі» (қазақ тілінде оқытатын мектептер үшін), «Математика» (қазақ және орыс тілдерінде оқытатын мектептер үшін), «Дүниетану», «Әдебиеттік оқу».

7-10 сыныптарға арналған: «Дүниежүзі тарихы», «Алгебра», «Қазақ тілі», «Химия», «Биология», «Физика», «География», «Құқық негіздері», «Шетел тілдері» (ағылшын, неміс, француз тілдері) оқулықтарын қамтиды.

Қоғамдық талқылау онлайн форматта өткізіледі. Бұл өз кезегінде педагогтердің, ғалымдардың, әдіскерлердің және мектеп оқулықтарының сапасына бей-жай қарамайтын қазақстандықтардың қатысуына мүмкіндік береді.

«Айта кетейік, қолданыстағы заңнамаға сәйкес оқулықтар бес сатылы сараптамадан өтеді: ғылыми-педагогикалық сараптама, пысықтау кезеңі, пилоттық мектептерде апробация, қоғамдық талқылау және пәндік сараптамалық комиссияның қорытындысы.

Қазіргі уақытта аталған оқулықтар қоғамдық талқылаудан бөлек, еліміздің бірнеше өңірінде 34 пилоттық мектепте сынақтан өтуде.

Пәндік сараптамалық комиссияның шешімімен барлық кезеңнен өткен оқулықтар мектептерде қолдануға және Қазақстан Оқу-ағарту министрлігі бекітетін оқулықтар тізбесіне енгізуге ұсынылады», - делінген министрлік хабарламасында.