Алматының орталығында газ құбыры жарылды: Зардап шеккендер бар

Бүгін, 15:02
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Алматының орталығында газ құбыры жарылды: Зардап шеккендер бар
Фото: QazaqGaz Aimaq

Алматыда Бұқар жырау мен Байзақов көшелерінің қиылысында газ құбыры жарылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Куәгерлердің айтуынша, жарылыстың күшті болғаны соншалық, көлік бірнеше метрге көтеріліп, қайта жерге құлаған. Жарылыс кезінде «СантехКомплектГрупп» ЖШС мердігер ұйымы газ құбырына қысым түсіру жұмыстарын жүргізіп жатқан.

QazaqGaz Aimaq жағдайға қатысты пікір білдірді. 

«Бүгін жаңадан салынған орташа қысымды жерасты газ құбырына қысым түсіру жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде, мердігер ұйым – «СантехКомплектГрупп» ЖШС тарапынан ауа қоспасының шығу оқиғасы тіркелді. Оқиға салдарынан жол жабынына, ағашқа және автокөлікке зақым келді. QazaqGaz Aimaq АҚ жағдайды толық бақылауда ұстап отыр және азаматтарды сабыр сақтауға шақырады. Қосымша ақпарат жаңа мәліметтер түскен сайын хабарланатын болады», – делінген хабарламада.

Оқиға орнына қаланың тиісті апаттық қызметтері жедел түрде жетті. Қазіргі таңда аталған аумақты тексеру және оқиғаның себептерін анықтау жұмыстары жүргізілуде.

Оқиға орны қоршауға алынды, тұрғындар үшін қауіп жоқ. Қаза тапқандар жоқ.

Жарылыс салдарынан екі адам зардап шекті.

Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, зардап шеккендер Орталық қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген.

«Барлық қажетті тексерулерден кейін оларға «жұмсақ тіндердің көгеруі» деген диагноз қойылды. Пациенттердің жағдайы тұрақты, ауруханаға жатқызудың қажеті жоқ. Тексерістен кейін олар амбулаториялық ем қабылдауға жіберілді», – деп мәлімдеді басқарманың баспасөз қызметі.