Ұландық сарбаздар жоғалған телефонды иесіне қайтарды

Ұлттық ұлан сарбаздары Шымкент қаласының тұрғынына жоғалған смартфонын тауып берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ұлттық ұланның баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, оқиға кешкілік уақытта болған. 18 жастағы бойжеткен көшедегі әскери жасаққа барып, «Redmi 12» ұялы телефоны жоғалғанын айтып, көмек сұраған. Патрульдік топтың бастығы қатардағы жауынгер Қуаныш Жұматай бастаған әскери жасақ дереу іздеуге кіріседі. 6506 әскери бөлімінің 1 жедел мақсаттағы батальонының әскери қызметшілері сол маңайды аралап жүріп жоғалған телефонды тауып, иесіне қайтарады. Өз кезегінде бойжеткен ұландықтарға алғысын білдірді.
Сондай-ақ олар кешкі сағат шамамен 22:45-те Тамерлан тас жолында жергілікті тұрғынды ажалдан аман алып қалды. Кіші сержант Ұлан Әкімбай, қатардағы жауынгерлер Алмас Сұлтанбек және Нұрсұлтан Ережеп құрамындағы патрульдік топқа белгісіз азамат келіп, көпірде ауыр эмоциялық күйдегі ер адам тұрғанын хабарлады. Әскери қызметшілер дереу аталған орынға барды. Көпірден олар ұстамасы ұстаған азаматты тапты. Ұландықтар алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақырды. Олардың әрекеттерінің арқасында ер адамның жағдайы медицина қызметкерлері келгенге дейін тұрақтандырылды.
«Мұндай сәттерде ең бастысы - тез әрекет ету. Біз дер уақытында көмек көрсеткенімізге өте қуаныштымыз», - деді кіші сержант Ұлан Әкімбай.
Айта кетейік, бұл жағдайлар «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында болды.



